Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қаңтар, 2022

670

ҚХА мүшелері: «Президент саясатын қолдаймыз!»

ҚР Перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент Мәжілісінің отырысы өткен болатын. Бұл отырыста Мемлекет басшысы бірқатар мәселелерді көтеріп, кешегі өткен оқиғаға тоқталып өтті. Assembly.kz cайтының тілшісі осы отырысқа байланысты Қазақстан халқы Ассамблея мүшелерінің пікірін білді.

Берік Дүйсетаев, Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында еліміздің жаңа Премьер-Министрінің кандидатурасын ұсынып, бірауыздан Үкімет басшысы болып - Әлихан Смайылов тағайындалды. Президент жаңа үкіметке жаңа міндеттер жүктеп, саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды тапсырмалар берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жақын арада толығымен қалыпты өмірге ораламыз, деді. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау үшін Үкімет комиссиясының жұмысын қадағалайтынын айтты. Президент үкіметке Әлеуметтік кодекстің уақытылы қабылдануын тапсырды. Әлеуметтік кодекс жаңа «қоғамдық келісім шарттың» негізгі элементі болатынын айтты.

Берілген тапсырмалар оңтайлы жүзеге асуы үшін халықпен тығыз диалог орнатылуы қажеттігін атап көрсетті. Диалог нәтижесінде түскен ұсыныстарды ескере отырып ауқымды шаралар жүзеге асатыны айтылды. Бұл бағытта арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысына, жергілікті құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Президенттің бүгінгі Қазақстан халқына Үндеуі - елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың басталуы. Халықтың әл-ауқатын арттыратын үлкен стратегиялық қадам. Осы қадамға сәттілік тілейміз! Бұл қадамның табысты болуына әр бір қазақстандық азамат атсалысатынына мен сенімдімін!

Сын сағатта халықпен бірге, елдің тыныштығын сақтауға батыл қадамдар жасаған Президентіміз өзіне деген сенімімізді ұлғайтты. Ынтымақ пен бірлігімізге, қасиетті тәуелсіздігімізге көз тіккендерге бірлігімізбен тойтарыс бердік деуге болады. Құшағына 100 ден аса ұлт пен ұлысты сыйдырған халқымыз парасаттылығымен жетістіктерге талай жетеді. Алмағайып уақыт артта қалып, болашаққа үлкен сеніммен барамыз! Біртұтас Халқымыз мәңгі жасасын!

***

Күләш Рахимжанова, Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:

– Бүгінгі Үкіметтің жйынында Президент Қ.К.Тоқаевтың құрған «Дамудың жаңа жолдары» бағдарламасы көп көңілінен шығары анық. Халқымыздың өз ойын айтуға, қысып жіберген талай қиыншылықтардың барын, көп балалы отбасыларының мүгедектердің күн көргісі төмендеп кеткенін айтуға шыққан халқымыздың бейбіт шеруінің аяғы күрт, лаңкестікке айналуы жүрегімізді ауыртты.

Президент үкіметтегі маңғаз шенеуніктерді ауыстырып жатқаныда көңілге сенім ұялатады. Ендігі үкімет басына келген азаматтар Президентті қолдай отырып, халық игілігіне қызмет жасайды деп сенеміз. Халықтың наласына қалмаған жөн.

Біз Аналардың бір ғана тілегі ол, қазақтың Алла берген бар байлығы халқының игілігіне жұмсалатын, өзі аз ғана қазақ халқы өз елінде жетімнің күйін кешпесін, бала-шағамыз, ұрпағымыз біреудің тепкісінде қалмасын, оқыған білімді жастар жұмыс іздеп басқа елге кетпей туған жеріне қызмет жасауға мүмкіндік жасалсын деген ғана тіліміз бар.

Ел болып арам ойлы аяуандардың жасаған бүліктерінің орнын толтырып, көркем Алматымызды қайта гүлге орайық, ағайын! Әрқашан әділдік бар жерде ғана, өмір мәнді де сәнді болатынын бәріміз білеміз.

***

Марат Қойшин, «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы:

– Бүгін елімізде тарихи өзгерістер басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті платформасында Қазақстан халқына үндеу жолдады. Президент елдің жаңа үкіметі мен мемлекет органдары жүзеге асыратын әлеуетті міндеттер мен жұмыс бағыттарын атап өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Сонымен қатар, Президент бәрін қалпына келтіруді жеке жауапкершілігіне алатынын, сол арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыруға толық дайын екендігін ерекше атап өтті.

Президент еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта Қазақстан Даму Банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынды. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан қоғамы Мемлекет басшысының шешімдері төңірегінде топтасуы қажет.

Барлық қазақстандықтарды ел Президентін колдауға және оның баяндамада көзделген максаттарға жету жолында белсенділік танытуға шақырамын. Сын сағатта біз біргеміз!

***

Ермек Нұғыманов, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы Қоғамдық келісім КММ-нің басшысы:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі мәлімдемесін мұқият тыңдап, халықтың көкейінде жүрген, үміт күттірген өзекті мәселелердің басы ашылып, еліміздегі тұрақтылықпен, әлеуметтік -экономикалық дамуының жаңа жолдарының көрсетілгенінің куәсі болдық.

Ең бастысы Президент мәлімдемесіндегі бастамалардың, еліміздегі жаңа саяси және экономикалық реформалар негізінде, халықты әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты құрықтау, әлеуметтік саланы — оның ішінде білім саласындағы жаңа заман талабына сай техникалық мамандар дайындауға көңіл бөлу, ол үшін алдыңғы қатарлы шет елдік университеттердің филиалдарын ашу, әлеуметтік кодекстің қабылдануы, ірі бизнес алпауыттарының қатысуымен халықтық қордың құрылуы, мемлекеттік қызмет саласын реформалау, жаңа Қазақстанның серпінді дамуының бастауы деген сенім ұялатады.

Ендігі жерде ел болып, бір шаңырақтың астында, еліміздегі барлық этностардың қоғамдық келісім мен бірлігінің аясында Президентіміздің алға қойған мақсаттарын орындауға ат салысуымыз керек...

***

Борис Толков, Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының депутаты:

– Күндей күркіреп өткен «қаңтар оқиғасы» баршамызды үрейге орап, балапан басында, тұрымтай тұсында қалғанымыз рас. Әлемдегі ең бейбітсүйгіш елімнің осындай жағдайға тап болғаны менің жүрегімді қатты ауыртты. Ауырмай қайтсін, елімді ерекше қастерлеп, қайтсем бір кірпіші болып қаланып, қызметімді жасасам екен деген азаматтық борышым өтелуі керек қой. Өйткені мен халқымды, елімді, жерімді сүйемін. Басқа Отан жоқ менде. Қазақстан үшін қиын-қыстау кезеңде Президентіміз еліміздің барлық өңірлеріндегі жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізді. Жігеріміздің мұқалмай, сағымыз сынбай алға ұмтылуға жол бастады. Өзінің дипломат, парасатты басшы екенін көрсетті. Халық осындай басшыны қолдап, әр тарапқа бөлінбесе біз алмайтын қамал жоқ. Тәуелсіздікке жету бар да, оны сақтау бар. Ал, ол – үлкен салмақ пен жауапкершілік артады баршамызға.

Енді жаңа Қазақстанды құрудағы нақты тапсырмаларды орындап, межелі мақсаттарға жету керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқан әр сөзін тыңдап, санама түйдім. Айтқаны, көңілге қонымды, ең бастысы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін. Жаңа сайланған білікті, білімді Премьер - министр Әлихан Смайыловқа жауапты да зор сенім артылған қызметте сәттілік тілеймін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - Бейбітшілік пен тұрақтылық – мемлекетіміздің басты құндылығы. Мемлекет және азаматтар – бұл әсіресе, елдің қауіпсіздігіне келгенде бөлінбейтін ұғымдар. Еліміз аман, Отанымыз тыныш болсын! Ел шебіндегі шейіт кеткен бауырларымыздың есімі тарихымызда мәңгі қалады.

***

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі:

– Қаңтардың қаhарлы күндері орын алған келеңсіз оқиға тәуелсіздік тарихында болған ең ауыр дағдарыс деп айтып кетуге болады. Аяқ асты еліміз күйзеліске ұшырап, халық арасында әртүрлі түсініксіз ой-пікірлер туындағаны анық болды. Осы мәселелерге қатысты, еліміздің Президенті Қ.Тоқаев 11 қаңтар күні мәжілісте сөйлеген сөзі, ортаған салған ойы, қабылдаған шаралары, енгізетін реформармалары нақты да керекті екені анық еді және халық оны аса ұйымшылдықпен қабылдады. Жиын барысында қарапайым халықты толғандыратын көптеген мәселелер қарастырылып, бұның барлығы қарапайым халықтың игілігі үшін жасалып жатқаны түсінікті болды. Бұнда негізінен қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың мәні, түрлері, себептері түсіндірілді. Президент пен халық арасындағы ашық әңгіме болғаны көңілге серпін, бойға қуат бергендей болды. Белгіленген әрбір мәселе біздің өмірге тіке қатысты және көрсетілген жұмыстар жүрегіміздің түпкірінен орын алып, жағымды да жақсы, халық игілігіне жұмсалатын қызметі екені анық сезілді. Барлық алға қойылған тапсырмалар топтамасы жаңа сайланған Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді, мақсаттар анықталып, бірқатар нақты міндеттер орындауға тапсырылды.

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі Президентімізге үлкен ризашылығын білдіреді, осы айтылған мәселенің бәрі біздің өмірімізге тікелей қатысты екені белгілі. Қазіргі кездегі елдегі экономикалық әлеуметтік жағдайлардың қиындығы, жұмыссыздық, материалдық қиыншылық, рухани қажеттіліктердің тапшылығы, осының бәрі жанұядағы ата-ана мен бала арасындағы қарым – қатынасты күрделендіріп отыр. Ұрпақ тәрбиесінің, қалыптасуының негізі – оның отбасы екені белгілі. Ана мен бала бақытты болса, қоғам дамуының басты факторы екенді түсіну қажетсінеді.

Кейін қарай