Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қыркүйек, 2020

3536

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі өзекті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді талқылады

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Отбасы құндылықтары - қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың негізі» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Отбасы құндылығын арқау еткен жиын Меркі ауданы Сарымолдаев ауылы және Қордай ауданы Булар батыр ауылында өтті.

Этнос әйелдер кеңесімен өткен кездесуде отбасын құрған әйелдердің азаматтық алу, мемлекеттен жәрдемақы, халықтық қолөнер бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдарды дайындау кәсіпкерлігімен айналысу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу, әйелдерді жұмысшы кәсіптеріне бейімдеу, жұмысқа тарту, отбасындағы зорлық-зомбылық және аналардың медициналық сақтандыру мәселелеріне алаңдаушылығы туралы мәселелер көтерілді.

Нәтижесінде, азаматтық алу мәселесі бойынша өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы, заңгер Абдрахман Зайнутдинов құқықтық кеңес беріп, мәселені өз бақылауына алды. Мемлекеттік жәрдемақыны алу бойынша аудандық жұмыспен қамту бөлімі маманы мәселені шешуге атсалысты. Сондай-ақ, арнайы кәсіпке бейімдеу және медициналық сақтандыру бойынша туындаған мәселелер тиісті органдарға жолданды.

Қордай ауданында қазақ тілін үйрену үшін білікті кадрлардың болуы, этнос әйелдерінің қызмет орындарында хиджаб емес, дәстүрлі орамал тағуы, отбасы тәрбиесінде отаншылдыққа баулу, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының мектеп тарапынан қыстық киімдермен қамтылуы, сондай-ақ, қазақ халқының жеті атада қыз алыспау дәстүрі түсіндіріліп, этностарда кездесетін туыстық және ерте некелесуге жол бермеу мәселелері қозғалды.

Кейін қарай