Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Наурыз, 2024

66

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті

Қадірменді оқырмандар!

Жылдағыдай бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Алғашқы отырыс Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналған еді. Алдымен барша халықтың Көрісу күнімен құттықтаған Президент бұл мереке тек еліміздің батыс аймағына тән деген түсініктен арылуға шақырды.

Биылғы құрылтайдың Атырауда өту мәнін әйгілі Сарайшық қаласының айрықша геостратегиялық рөлімен байланыстырған Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсарту үшін бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажеттігін атап өтті.

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», -деді Президент сөзінде.

Одан әрі Президент археология саласында тәртіп орнату, тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру, ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту, елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімін беру, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту, «вейптердің» таралуына тосқауыл қою, мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу, ысырапшылдыққа жол бермеу, Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасау, бюджет қаржысын үнемдеу, әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру, әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау жүргізу, озық технологияларға негізделген білім экономикасын құру және басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Соның бәрін жинақтай келе, барлық мақсаттарға қол жеткізу үшін тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ екенін ерекше атады.

«Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта» деді Мемлекет басшысы. Бұл жылғы Құрылтайда еліміздің қазіргі қоғамдық өміріндегі ең бір маңызды тақырыптар қозғалып, соған сай атқарылатын жұмыстар реті көрсетілді. Бізге Ұлттық құрылтайдан кейінгі ұлтты ұйыстырар міндеттерді орындауға дендеп кірісуіміз ғана қалды.

Исмаилов Акбаржан Яхияқажыұлы,
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары




Кейін қарай