Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Қыркүйек, 2020

1111

Қызылордада Аналар кеңесі жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Қызылорданың Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға қатысушылар Достық үйінің фойесінде әзірленген «Анамның бейнесі» суреттер және қолөнер көрмелерімен танысты.

Жиынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мусаева жүргізді. Ол алғы сөзінде кеңестің жыл басынан бері атқарған нәтижелі жұмыстарына тоқталып өтті. «Аналар кеңесі ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Кеңестің құрылуы қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді жүзеге асыруда тың серпін беріп келеді», - деді Н. Мусаева.


Мұнан соң қатысушылардың назарына «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі» бейнеролигі ұсынылды. Басқосу барысында отбасы мәртебесі, ұлттық құндылықтар, бала тәрбиесі және өзге де маңызды мәселелерге байланысты сөз қозғалып, пікірлер айтылды.


Облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Манзура Абдугафарова «Семья – начало всех начал» тақырыбында, Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» тақырыбында баяндама жасады.

Қазалы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нафиса Жұма «Отбасы мен мектептің бала тәрбиесіне байланысы туралы» айтып өтті; Қармақшы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева «Аналар кеңесінің ұлттық отбасы құндылықтарын дәріптеудегі тәжірибесі туралы»; облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Лайла Пашаева «О роли отцов в семье и воспитании детей» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.


Келелі жиын соңында облыстық Аналар кеңесінің бірнеше мүшесі ұлттық және отбасы құндылықтарын насихаттауда және жастарға өнегелі тәлім-тәрбие беруде атқарған жұмыстары үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 25 жыл» мерекелік медалімен және облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ж. Тажмахановтың Алғыс хаттарымен марапатталды.


Кейін қарай