Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Тамыз, 2020

914

СҚО: Медиация күніне орай виртуалды қабылдау жұмысы ұйымдастырылды

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен дәстүрлі түрде Бірыңғай республикалық медиация күні аталып өтті. СҚО ҚХА медиация кабинеті онлайн форматта zoom платформасында дөңгелек үстел өткізіп, виртуалды қабылдау жұмысын ұйымдастырды.

Іс-шараға кәсіби медиаторлар, облыс аудандарынан келген қоғамдық медиаторлар, судьялар, заң кеңесшілері, кәсіподақ қызметкерлері, Солтүстік Қазақстан университетінің магистрлік диссертациялар шеңберінде медиация тақырыбын зерттеп жүрген магистранттар қатысты. Сондай-ақ іс-шараға М.Жұмабаев, Уәлиханов, Жамбыл, Тимирязев, Мамлют аудандарының ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен мамандары, медиаторлары қатысты.


СҚО ҚХА медиация кабинетінің жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Г.Н.Мұсабаева қазіргі уақытта медиаторлар пандемия жағдайында қақтығыс деңгейін төмендетуге және бірлік пен келісімді нығайтуға белсенді үлес қосып жүргенін атап өтті. Көптеген медиаторлар медиативті рәсімді онлайн түрде жүргізеді. Арызданушылар еңбек, кәсіпкерлік, отбасылық және тұрмыстық даул-жанжалдар бойынша жүгінеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген жылдар бойы «Содружество» Солтүстік Қазақстан Медиация және Құқық орталығы» ҚБ және «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ СҚФ медиаторлар ұйымдарымен ынтымақтасып жұмыс жүргізіп келеді. Г.А.Пехотина, А.Н.Туралинова, С.К.Нұрманова тұлғасындағы осы ұйымдардың басшылары мен мүшелері іс-шараның басты қатысушылары ретінде өз сөздерінде жеке тәжірибелерінен даулар мен жанжалдарды реттеу бойынша көптеген тәжірибелік мысалдар келтіріп, халықтың медиация институтына деген қызығушылығын арттыру бағытындағы оң үрдісті атап өтті. Медиаторлардың қылмыстық істер бойынша медиация рәсімін жүргізетіндігі қуантады.


СҚО сотының судьясы, татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші А.Б.Айсина дөңгелек үстелге қатысушыларды азаматтық заңнамаға, атап айтқанда медиация саласына енгізілген өзгерістермен таныстырды. Ол судьялардың татуластыру рәсімдері, медиация бойынша жұмыс тәжірибесінен мысалдар келтірді.

СҚО ҚХА қоғамдық медиаторлары арасында әкімшілік сот жанында өз қызметін жүзеге асыратын Нурия Қадырқызы Бикметованың жұмысын атады.

Судья, отбасылық сот жөніндегі үйлестіруші Н.Р. Малдыбаеваның айтқан статистикалық деректері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының соттары 2020 жылдың 7 айында неке-отбасы қатынастары саласында 1395 дауды қарады, оның ішінде 856 іс бойынша немесе 61% шешім шығарылды, 48 іс бойынша бітімгершілік келісімдер және 126 іс бойынша медиативтік келісімдер жасалды, 365 іс бойынша өтініштер қараусыз қалдырылды немесе іс жүргізу тоқтатылды, бұл отбасылық жанжалдың өзара келісіммен аяқталғанын көрсетеді.

«СҚО кәсіподақ орталығы» заң мәселелері және медиация жөніндегі бас маманы Л.П. Голенкова 2018 жылдың қыркүйегінен бастап СҚО кәсіподақ орталығы жанынан Татуластыру орталығы құрылғанын, оның жанында 40-тан астам қоғамдық және 15 кәсіби медиатор жұмыс істейтінін хабарлады. 2020 жылы кәсіпорындардың COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі жұмыс жағдайында «жедел желінің» жұмысы ұйымдастырылды, 500-ден астам өтініш қаралды, еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді реттеу бойынша 6 келіссөз жүргізілді, тәжірибелік көмек пен консультациялар көрсетілді.

Солтүстікқазақстандық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының Басқарма мүшесі Р.А.Ибрагимов виртуалды қабылдаудың жұмысына белсенді қатысты, жеке тәжірибесінен мысалдар келтіріп, пайдалы ұсынымдар берді.

Іс-шара соңында облыс аудандарының көптеген медиаторлары мен СҚО-да медиацияны дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғалар Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.

СҚО ҚХА медиация кабинеті негізінде жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша бүгінгі таңда өңірде халықтың 60%-ға жуығы медиация жайында біледі және медиаторларға жүгінуге дайын. Алайда, қоғамның дәстүрлері мен заңның үстемдігі қағидасына байланысты сотқа әлі де көбірек жүгінеді екен.

Кейін қарай