Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Қыркүйек, 2023

229

ІЗГІЛІК НҰРЫН ШАША БІЛ!

Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, мұқтаж жанға сый-сияпат көрсете алу - адамдықтың белгісі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатыр, бұл - имандылықтың белгісі.

Жаңа оқу жылының алдында оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы жүріп жатқаны баршамызға белгілі.

Оқу жылы жақындағанда этнос өкілдерінен тұратын қоғамдық-мәдени бірлестіктер, облыс меценаттары, қайырымдылық топтары, еріктілер әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы отбасы, жартылай жетім және сәтсіз отбасынан шыққан білім алушылар санын анықтап, акция аясында көмек түрлерін белгілейді.

Осындай қамқорлықпен ағымдағы жылдың 1-қыркүйек Білім күні мерекесі қарсаңында Жамбыл облыстық “Ахыска” Түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинович Давришев бастаған Аналар кеңесі және аудандағы түріктер этномәдени бірлестіктері республикалық “Мектепке жол” акциясы бойынша жылда дәстүрге айналған қайырымдылық іс-шарасын өткізді.

Облыс бойынша аз қамтылған, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен түрік отбасыларынан шыққан 50-ден астам мектеп оқушысына керекті барлық оқу құралдары салынған аспалы сөмкелер, түрлі жастағы балаларға арналған мектеп формалары мен спорт киімдері сыйлыққа беріліп, сондай-ақ, олардың отбасыларына да қаржылай көмек көрсетілді.



Кейін қарай