Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Маусым, 2023

860

Қазақстан Республикасы Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» атты депутаттық тобы өз жұмысын бастады

Қазақстан Республикасының Парламентінде ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі жаңа депутаттық бірлестік өз қызметін бастады.

2023 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының қаулысымен «Бір ел - бір мүдде» палатааралық депутаттық тобы тіркелді. Ал 12 маусымда Сенат қабырғасында оның алғашқы отырысы өтті.

Қатысушылар кездесудің басында Абай облысында қаза тапқан «Семей орманы» қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Отырыс барысында топтың мәртебесін, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы туралы ережесі, сондай-ақ 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Мәжіліс пен Сенат депутаттары – «Бір ел - бір мүдде» депутаттық тобының мүшелері, сондай-ақ саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.


Алғы сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов қатысушыларды жаңа депутаттық бірлестіктің құрылуымен және жұмысының басталуымен құттықтады.

Ол өз сөзінде бұл парламентаризм дамуының жаңа кезеңі, өйткені ұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша партияаралық өзара іс-қимылдың нақты құралы қалыптасқанын айтты.

«Президент мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде бірлікті, татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған жаңа қадамдар жасады. Ел бірлігін нығайту мәселелеріне партиялардың белсенді араласуының тиімді тетігі ретінде Президент Парламентте Ассамблеядан тағайындалған бес сенатордың ұйытқы болуымен құралған депутаттық бірлестікті белгіледі. Осы орайда жаңа депутаттық бірлестік – Қазақстан Республикасы Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» атты депутаттық тобы құрылды», - деп, М.Әзілханов Ассамблеяның партияаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруда, оның ішінде Ассамблеяның депутаттық тобы жұмыс істеген Парламент қабырғасында біршама тәжірибесі барын атап өтті.

Сонымен қатар, ол бұл топтың құрылуының өзі саяси реформалардың және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының түбегейлі жаңа парадигмасының қалыптасуының нәтижесі болғанын тілге тиек етті.

Кездесу барысында «Бір ел - бір мүдде» депутаттық тобының жетекшісі Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының отырысында Парламентке ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері бойынша депутаттық бірлестік құру мәселесін пысықтауды тапсырғанын атап өтті.


«Депутаттық топтың негізгі мақсаты - елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы заңнамалық үйлестіруді және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының Қазақстан халқы Ассамблеясымен, азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету болып табылады», – деді Н.Жүсіп.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин өз баяндамасында отырысқа қатысушыларды Комитет қызметі шеңберінде ағымдағы жылға арналған жұмыстары мен міндеттерінің негізгі басым бағыттарымен таныстырды.

«Этносаралық қатынастар саласын дамытуға қатысты мақсат-міндеттерге барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан баса назар аударылатын болады. Елімізде этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту бойынша өңірлік әкімдіктердің қызметін үйлестіру және әдістемелік сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Қазақстандық патриотизм мен этностардың интеграциясын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде үйлестіріледі», – деді Ғ.Шойкин.

Кездесуге қатысушылар ҚХА қызметіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері депутаттарға мекеменің этносаралық келісімді нығайту саласындағы қызметі туралы айтып берді.

Сенатор Закиржан Кузиев Сенаттағы Ассамблеяның бес мүшесі заңнамалық деңгейде кері байланысты жүзеге асыруға, қоғамдық бақылау жүргізуге және Парламентте Қазақстанның барлық этностарының мүдделерін білдіруге атсалысып жүргенін атап өтті.

«Жалпы, барлық депутаттардың алдында бір ғана міндет тұр – күн сайын алғы шепте болу, шешім қабылдау және ол үшін халық алдында жауапкершілік алу. ҚХА басшылығымен біз апта сайын кездесу өткізіп, белгілі бір мәселелерді, оның ішінде жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қатысты мәселелерді шешуді талқылап отырмыз», – деді З.Кузиев.


Жаңа депутаттық бірлестіктің барлық мүшелері ҚХА-ның бірқатар ақпараттық-анықтамалық материалдарымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Ассамблеяның 2022 жылғы қызметі туралы мәліметтер, ҚХА жұмысының барлық мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдар, республикалық этномәдени бірлестіктердің, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ-нің 2023 жылға арналған іс-шараларының желілік кестесі және ҚХА активінің тізімі.

Атап өтсек, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатынан топ жетекшісі болып Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп тағайындалды және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінен топ хатшысы ретінде Наталья Григорьевна Дементьева бекітілді.

Кейін қарай