Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Ақпан, 2024

139

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ МЕН «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы атап өткендей «Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі».

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сонымен, іс-шара аясында Тараптар мемлекеттік тілді насихаттау туралы Меморандумға қол қойды.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов өзінің кіріспе сөзінде «Ассамблеяның көптеген мүшелері мемлекеттік тілін жоғары деңгейде меңгергенін, олардың арасында көптеген танымал қоғам қайраткерлері мен депутаттар бар, әсіресе, жастар көп екені қуантады. Бұл – Ассамблеяның қазақ тілді ілгерілету және оның мәртебесін нығайту жөніндегі күнделікті жұмысының нәтижесі. Ассамблея еліміздің мемлекеттік тілін оқып-үйренуіне және этностардың өз тілін үйренуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыс атқаруда» - деп атап өтті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы «Мемлекеттік тіл Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін біріктіреді. Өз кезегінде Ассамблея халықты біріктіретін маңызды азаматтық институттардың бірі болып табылады» - деп баса айтты.

Өз кезектерінде, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Жүсіп Нұртөре, Геннадий Шиповских, Мәжіліс Парламентінің депутаты Наталья Дементьева, Академик, профессор Шерубай Құрманбайұлы, ҚХА мүшесі, ақын, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова, «Орыс, славян және казак» ЭМБ төрағасы Владимир Божко, «Қазақстан Украиндары Радасы» ЭМБ төрағасы Юрий Тимощенко, «Астанадағы өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Шерзод Пулатов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі Алла Гаврина «Халықты топтастырудың ең маңызды факторы – мемлекеттік тілді білу және бұл әрбір ел азаматының борышы», - деп ортақ пікірлерін білдірді.

Кездесу барысында Тараптар Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға көмектесу, мемлекеттік тілді меңгеру арқылы бірлік құндылықтарын даріптеуге бағытталған бірлескен ақпараттық жобаларды жүргізу, бірлескен диалог алаңдарын және басқа да іс-шаралар нысандарды ұйымдастыру бойынша қызмет бағыттарын белгіледі.

Соңында ҚХА мен «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.


Кейін қарай