Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Сәуір, 2020

1243

Қарағанды: ҚХА Қоғамдық келісім кеңесіне – 7 жыл

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Философия ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚМТУ «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісі Әсем Сағатова сонау 213 жылы Қазақстанда Елбасының тапсырмасымен құрылған Қоғамдық келісім кеңестері жұмысын саралай келіп, Қарағанды облысының аумағындағыКеңестердің жұмысын жан-жақты талдап шыққан.

Тәуелсіздік жылдары еліміз егемендік жолында күрделі де қиын сыннан сүрінбей өткен болатын. Ел іргесін сақтауда Қазақстан Республикасының келелі жетістіктерге қол жеткізгендігіне қазіргі күнде көз жеткізіп отырмыз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 1999 жылдың 21 қаңтарында өткен «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» атты III сессиясында «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі. Бұл әлдебір тылсым формула немесе саяси қалып емес, бұл шын мәнінде біздің ішкі саясатымыздың өзегі. Бірақ ол күн сайын нақты да көрнекті әрекеттермен толығып отыруы тиіс» деген еді. Бұл еліміздің қоғамдық жүйесіндегі түбегейлі өзгерістердегі мәні мен мазмұны толыққанды ұлы бетбұрыс болды. Оның анық көрінісі – түрлі ұлттар мен конфессиялар өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тұрақтылығы.

Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында берген тапсырмасына сәйкес 2013 жылы қоғамдық келісім кеңестері жаппай жер-жерлерде құрыла бастады. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде құрылған кеңестер Ассамблеяның барлық жұмыстарын ұйымдастырушы әрі үйлестірушісіне айналып отыр.

Қарағанды облысы Қоғамдық келісім кеңесінің алғашқы төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтың осы салада атқарған жұмыстарының көрінісі Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы міндеттері және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру мәселелерімен, әрі Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеті – мемлекеттің тұрақтылығын нығайтып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамытуға бағытталған іс-шаралармен байланысты болды.

Осы мақсатта облыста алғашқы уақытта 173 қоғамдық келісім кеңесі (1 облыстық, 8 қалалық, 9 аудандық, 155 ауылдық) құрылған екен. Кеңестердің құрамына 1078 адам болған (оның ішінде облыстық көлемде – 23, қалалық – 92, аудандық – 96, ауылдық жерлерде – 867 адам). Осы бағытта облыстық көлемде кеңестер өзекті мәселелер төңірегінде 1176 іс-шара өткізген. Оның ішінде 306 отырыс, 200 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 238 шара – мемлекеттік қызметшілердің есептерін тыңдауға арналса, 432-сі – өзге жиындарға бағытталған екен.

Облыстағы Қоғамдық келісім кеңесі жұмыстарының мақсаты – Елбасы саясаты негізінде барлық саяси маңызы бар және қоғамдық күштерді үйлестіріп, біріктірумен тікелей байланысты. Азаматтық ұстаным негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамытуда этномәдени бірлестіктердің рөлі ерекше көрінісін тапқан және әлі күнге дейін кең құлашты қызметтерін жасап келе жатыр.


Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа да бірлестіктерді үйлестірумен өте көп жұмыстар атқарып келген және әлі күнге дейін атқаруда. Оған дәлел Кеңес мүшелерінің бастамасымен бірқатар ірі республикалық іс-шаралардың ұйымдастырылуы.

Бұл ретте 2016 жылы «Мәңгілік Ел» жалпыреспубликалық пойызы (Қарағанды және Балқаш қалалары, сондай-ақ Шет ауданының Ақадыр кенті) және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» (Қарағанды, Жезқазған) акциясын ерекше атап өткен жөн.

3 қарашада Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Акция мүшелері ҚМТУ-інің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында болып, «ҚХА – қоғамдық келісімді нығайтудағы басты медиатор» тақырыбында баяндамалар жасады. Сонымен қатар кездесу аясында жаңадан құрылған ҚХА кафедрасына Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы, қоғамдағы ерекше рөлін зерттеген ғылыми-әдеби мазмұндағы кітаптар естелікке берілген болатын.

Сонымен бірге, ақпараттық баспасөз құралдарында шамамен 1000 жуық материалдар шыққан, оның 600 – баспасөз БАҚ-тағы мақалалар, 300 – ғаламтор порталдарында және әлеуметтік желілерде, 100 – бейне сюжеттер түрінде жарық көрген.

Облыстық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық бақылауды іске асыруын жариялау мақсатында ынтымақтастық құрылған. Сонымен бірге, облыстың қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі туралы мәліметтерді жүйелі түрде жариялау бағытында www.kelisim.kz сайты жұмыс істейді, Facebook және Вконтакте сияқты әлеуметтік желілерде бірінші кезекте жастар аудиториясына бағытталған беттер ашылған. Kazinform және bnews.kz ғаламтор порталдарында жарияланымдар тұрақты негізде жүзеге асырылады. Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері «Қазақстан-Қарағанды», «Бірінші Қарағанды», «5 канал», «Жаңа теледидар» телеарналарының бағдарламаларына шақырылады.

Кеңестер ұйымдастыруымен өтетін іс-шаралар жөніндегі ақпараттар «Индустриалды Қарағанды», «Орталық Қазақстан», «Авиатрек» сияқты облыстық және аймақтық газет, «Инфорум» және «Дін және Заман» журнал беттерінен мерзімді түрде шығып отырады.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің құрамында 23 мүше бар. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени және діни бірлестіктердің басшылары, Жоғары оқу орындарынан ашылған ҚХА кафедра оқытушылары, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

Еліміздің басты игілігі – далалық кең ділдің аясындағы этносаралық, конфессияаралық шыдамдылық пен төзімділіктің бар болуы. Осы тәжірибенің негізін тереңінен ғылыми пайымдау және зерттеуді Елбасы қоғамдық сала ғалымдарына, тарихшыларға ұлт мәселесіне ерекше көңіл аударуға, одан әрі тереңінен зерделеуге шақырады. Бұл бейбітшіліктің, ұлттық бірліктің және қоғамдық келісімнің көкейтесті мәселелерін одан әрі саралауға ықпал ететіндігіне сенім білдіреді.

Жалпы ұлттық болашақтың ұтымды ізденістері ретінде ел мүддесі мен тағдырына қатысты ұлтаралық келісім мен татулықтың өркен жаюына ықпал еткен бабаларымыздан талай ұрпақтары қалыптастырған игілік пен ізгілік дәстүрінің қырларын қазіргі ұрпақтар тәрбиесімен ұштастыруға ұмтылысқа бағамдайды. Болашаққа ұмтылыс – ең бастысы өткен тарихын білу, мән-мазмұнын зерделеу, саралау. Мұнда құндылықтық рухы биіктен көрінетін ұлттық ерекшелік тарих қойнауынан елдікті ұлықтайтын дүниені табатындығы айдан анық.

Облыстық Кеңес мүшелері облыс әкімі жанындағы әртүрлі комиссиялардың құрамына, қоғамдық кеңестерге, Мемлекет басшысының Жолдауларын, Қазақстан халқы Ассамблеясының бағдарламалық құжаттарын, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарды, жер реформасын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттау топтарына еңбек етіп келеді.

Қарағанды облысының ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен облыстың барлық маңызды қоғамдық және саяси іс-шаралары өтеді. Тұрақты негізде облыс өңірлеріне келелі мәселелерді түсіндіру жұмыстары мақсатында кездесулер жиі ұйымдастырылып отырады.

Облыстық Кеңес мүшелері кәсіби және халықтық медиаторлармен белсенді өзара байланыс орнатқан. Атқарылатын іс-шаралардың бір қатары медиация мәселелерімен де байланысты. Республикалық және облыстық іс-шараларды өткізу шеңберінде қоғамдық қабылдауларды ұйымдастыру қолға алынған, онда облыстың тілек білдірген барлық тұрғындары тегін кеңес ала алады.

Енді облыс аясындағы жекелеген өңірлердің жұмыстарына тоқталып өтсек. Балқаш қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің құрамына 27 адам кіреді. Сондай-ақ, Қоғамдық келісім кеңесі Гүлшат кентінде құрылған, оның құрамында 5 адам. Кеңес мүшелерінің қатысуымен барлығы 46 іс-шара өткізілген, оның ішінде, 3 отырыс, 3 дөңгелек үстел, 3 мемлекеттік қызметшілердің есептерін тыңдау, 37 өзге де іс-шаралар.

Балқаш қаласының Қоғамдық келісім кеңесі өңірдегі барлық жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру, ұлттық келісім мен бірлікті нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. «Қазақстан халқының бірлігі күніне», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету, мүгедектер және аз қамтылған азаматтарға азық-түлік пакеттерін беру бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, Рухани келісім күні аясында студенттік жастар мен ҚКК мүшелерінің қатысуымен «Мәңгілік Ел» тарихи-өлкетану экскурсиясы ұйымдастырылды. Қатысушылар саны 90 адамды құрады. «Көмек» дағдарыс орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің негізінде ұйымдастырылған «зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясындағы дөңгелек үстел жұмысына ҚКК мүшелері қатысты. Әрі Қоғамдық келісім кеңесі Аналар кеңесімен бірге «Отбасы құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталған іс-шараға қаланың барлық колледждері мен мектептерінің аналар кеңесінің төрайымдары, мемлекеттік ұйымдар, этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

Жезқазған қаласының қоғамдық келісім кеңесінің құрамында 16 адам болған. Қоғамдық келісім кеңесі мемлекеттік құрылымдармен, кәсіби және халықтық медиаторлармен белсенді өзара іс-қимыл жасай отырып, өңірде медиация институтын енгізу бойынша үлкен жұмыстар атқарып келеді. 2016 жылы Кеңеспен 8 ірі облыстық іс-шара өткізілді, оған мемлекеттік қызметкерлер, облыстың этномәдени бірлестіктерінің белсенділері, аналар кеңесі, қоғамдық келісім кеңестері өкілдері, жастар қатысты.

2016 жылдың мамыр айында Қалалық Кеңес Жезқазған бизнес және көлік колледжінің негізінде ашылған Қоғамдық келісім кеңесінің залын табыстады. Осы жылдың 23 маусымында Жезқазған қаласында Қоғамдық келісім Кеңесінің залында журналистермен кездесу өтті. Оның негізгі тақырыбы қалалық Кеңестің БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылы болды. Осы кездесуге қатысушы әрбір журналист өз пікірін білдіріп, елімізде болып жатқан өзгерістерге қатысты көптеген мәселелер талқыланып, қарастырылды.

Жезқазған қаласының қоғамдық келісім кеңесі этносаралық және діни қақтығыстардың мәселелерін талқылау және мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру бойынша этномәдени бірлестіктерді қолдау мақсатында қаланың этномәдени бірлестіктерімен кездесу ұйымдастырылып отырады.

Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің тілектері мен ұсыныстарын ескере отырып, қаланың Қоғамдық келісім кеңесі жергілікті атқарушы биліктің қатысуымен этносаясатты әрі қарай тиімді іске асыру және өңірде тұрақты ұлтаралық жағдайды қолдау үшін қаланың этномәдени бірлестіктеріне гранттар бөлу тетігін әзірледі. Тұрақты негізде Жезқазған қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында халықтың өзекті мәселелерін түсіндіру бойынша еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді.

Қаражал қаласына келер болсақ, Қоғамдық келісім кеңесі өз қызметін 2015 жылдан бастап жүзеге асырады. 2016 жылы Қоғамдық келісім кеңесінің құрамы мен ережесі жаңартылды. Кеңес құрамына 15 мүше кіреді. Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, мешіт имамдары, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары бар. Әрқашан жоспар бойынша кеңес отырыстары өткізіліп, онда қазіргі уақыт сұранысына орай келелі мәселелер талқыланады.

Жалпы облыстың қай өңірін алып қарасаңыз да, елдің барлық этностарының азаматтық бірігуі негізін көрсете отырып, этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыру бағытындағы игі іс-әрекеттердің мәнді мазмұнда дәйекті түрде іске асырылып жатқандығына көз жеткізуге болады. Сонымен қатар ұлттық мәдениеттер бірлігін танытатын жаңа мәдени қауымдастықтың негізін бағдарлаймыз.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім Кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына орай атқарылған іс-шараларды атап өтер болсақ, олар келесідей. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясы өткізілді; облыстың қала-аудандарындағы қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім Кеңестері – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асырудағы басты фактор» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің форумы ұйымдастырылды; «Конституция – бірлік пен қоғамдық келісім негізі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы Кеңес мүшелерінің қатысуымен өткізілді; ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы Кеңес мүшелерінің қатысуымен терең мазмұнда өтті.

Сонымен қатар Кеңес отырысында медиация институты мен облыстық қоғамдық келісім Кеңесінің біріккен жұмысы, діни экстремизм және терроризмнің алдын алу жұмыстары жөнінде (есептерін тыңдау), «Серпін», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» жобаларын жүзеге асыру, Қоғамдық келісім кеңестері тарапынан жас мамандарды жергілікті жерлерге бекіту мақсатында жетекшілермен қамтамасыз ету, аймақтағы этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы (есептерін тыңдау), ауыл аймақтарындағы қоғамдық келісім Кеңесінің іс қызметтерін жандандыру және бизнес-құрылымдарындағы кәсіпкерлерді қайырымдылық іс-шараларға тарту мәселелері жан-жақты талқыланып, қарастырылған болатын.

Қарап отырсаңыз, көтерілген мәселелердің барлығы дерлік салмақты, қоғамның көкейтесті, қандай да бір іске қозғау салатын, өз шешімін керек ететін міндеттерімен астасып жатқандығын байқаймыз. Мысалы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай мемлекеттік рәміздері бар жалаушалар таратылған флэшмобпен қатар, қала көшелерінде ҚР туын желбіретіп автожарыс ұйымдастыру, әрі этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Бірлігіміз жарасқан» концерттік бағдарламасын өткізу – еліміздің әрбір өкілінің өзінің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, ұлы істерге бастайтындығына кәміл сенім білдіреді.

Ал «Ырыс алды – ынтымақ» этносааралық келісім құндылықтарын одан әрі нығайту мақсатында тұрғындардың түрлі топтарымен қоғамдық пікір көшбасшылары – ақсақалдардың кездесуін өткізу және қарттар күніне арналған «Қарттарым – асыл қазынам» акциясын өткізу – болашақ еліміздің іргетасы саналынатын жастарды үлкенге – ізет, кішіге – құрмет мақсатында рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің бағдары екендігі сөзсіз.

Этномәдени бірлестіктердің және Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің жастары үшін «Бүгінгі келісім – мәңгілік бейбітшілік!» толеранттылық сабағын депутаттармен кездесу шеңберінде ұйымдастыру - жастарға бабалар дәстүрі арқылы ел-жұрт ең алдымен өзінің бірлігімен, татулығымен, бірауыздылығымен Отанының тұтастығын сақтау керектігі, кіндік қаны тамған туған жерде өркендеп-өсіп, тілін, ділін, дәстүрін сақтап, әрі қарай дамыта отырып, келер ұрпағына аманат етіп отыруды көздесе керекті. Бұл ата-бабаларымыздың жұртының, елінің бірлігі, татулығы оның бақытымен, бағымен, дарыған құтымен өлшенетіндін өмірінің арқауы еткен ой-қарымдарымен үндестік тапқан.

Туған өлкемізде 115 ұлт өкілдері бейбіт өмір кешіп, өзара келісімде өңірімізді дамыту жолында еңбек етіп жатқан жағдайы бар. Жыл сайынғы әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша туған жеріміздің барлық тұрғындарының 90% барлық ұлттардың тең құқығына сенім білдірсе, сауалнамаға қатысқандардың 92,8% әр этнос өкілдерінің дәстүрлері, тілдері, мәдениетін дамыту бағытында барлық жағдайлар жасалғандығын алға тартқан.

«Қазақстан гуманизм, толеранттылық сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды ұстанып, қасиетті қазақ жерінде әртүрлі өркениеттің бейбіт түрде тіршілік кеше алатынын жариялауда» деген пікірін Израйльдің бас Ашкеназдық раввині Йона Мецгер білдірген болатын. Қазақтың гуманистік дәстүрі – бабалар тарихынан өз бастауын алған рухани-адамгершіліктік құндылықтарға, интеллектуалды мәдениетке, ұлтаралық келісімге, еларалық ынтымақтастыққа негізделген.

2018 жылдың 11 қыркүйегінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысында төрағалық қызметке Бекзат Қомарұлы Алтынбеков бекітілді.

Бүгінгі таңда республика бойынша шамамен 2991 кеңес құрылды. Қарағанды облысы бойынша жалпы саны 1549 адам болатын 216 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Қоғамдық келісім кеңестері 108 мың адамның қатысуымен 1365 іс-шара өткізді, оның ішінде 254 кездесу, 166 дөңгелек үстел, 103 мемлекеттік қызметшілердің есеп беруін тыңдау, 358 жоспардан тыс іс-шаралар. Олардың алдына қоғамдық диалогты ұйымдастыруда және халықты толғандыратын мәселелерді шешуде ҚКК ресурстары мен әлеуетін тиімді пайдалану мақсаттары қойылған.

Жыл ішінде Кеңес отырыстарында қоғамдық көлемдегі өзекті мәселелер талқыланды: Кеңестің медиация институтымен өзара іс-қимылы, діни экстремизмнің алдын алу, ана тілінің мәртебесі мәселесі, үш тұғырлы тілдің маңызы мен рөлі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, Бес әлеуметтік бастама және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары.

2018 жылдың шілде айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесі құрылды.

Теміртау қаласының экологиялық проблемасын шешу үшін тамыз айында Қоғамдық келісім кеңесі Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының аумағынан тысқары жерде «Бүкіл әлемдік ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясын ұйымдастырған болатын. Бұл туған өлкеге деген шынайы қатынастың үлгісі.

2018 жылдың сәуір айында Сәтпаев қаласындағы Қоғамдық келісім кеңесі, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы, қайырымдылық пен тәлімгерлік клубы, «Мейірім Шуағы» қайырымдылық шарасы Қарағанды қалалық мәслихатында өтті. Оның аясында мүмкіндігі шектеулі балалар сөз сөйлеп, қайырымдылық көрсетушілердің есебінен 50 мың теңгеге сертификаттар табыс етілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 табыс тарихы» кітабын жариялау Саран қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің қатысуымен өтті. Спорттан, ғылым салаларында қол жеткізген табыстары, қаланың дамуы тарихындағы жетістіктері бойынша жерлестерінің есімдерін алтын әріптермен жазу жоспарлануда.

Жезқазған қаласы Қоғамдық келесім кеңесі жоспары бойынша колледждің жас мамандары үшін жайлы тұрғын үй бөлінеді, колледждердің үздік студенттері мен қаланың орта мектептерінің оқушылары үшін стипендия тағайындалады, қала көлемінде балалар алаңдарын қолға алу қарастырылған.

Нұра ауданының 90 жылдығына арналған «90 жарқын іс» акциясы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Оның аясында жергілікті ауданның елді -мекендерінде кешенді түрде қайырымдылық, спорттық, шығармашылық, ақпараттық іш-шаралар жүргізілуде.

Осакаровка ауданында дәстүрлі діни конфессиялар өкілдерімен жастардың кездесуі ұйымдастырылды, оның мақсаты жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамыту жұмыстарын жүргізу және діни салада өзекті мәселелерді анықтау болды.

Сонымен қатар Кеңес ұжымдары ҚР Президентінің Жолдауларының мән-мазмұнын тереңінен түсіндіруге арналған кездесулер өткізеді, Алғыс айту, Наурыз, Қазақстан Халқының бірлігі күні, Астананың туған күні, Рухани келісім күні, Тұңғыш Президент күні мерекелеріне арналған іс-шараларды ұйымдастырып, жүзеге асырып отырады.

Діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша Қарағанды облысының Діни істер басқармасымен ынтымақтастық жалғасуда.

Осылайша, облыста 2017-2018 жылдарға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісімімен діни экстремизмнің алдын алу шаралары жоспарлары орындалып жатыр. Жоспар аясында дөңгелек үстелдер, мемлекеттік және конфессияаралық саясат, дәрістер, ақпараттық және түсіндірме топтары аясында жұмыстарға қатысу, «Қазақстан экстремизмсіз» форумы, кітап көрмелері, қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар туралы оқыту семинарлары ұйымдастырылды.

Мемлекеттік органдармен және қоғамдық институттармен тығыз жұмыс жүргізілуде. Сонымен, 150-ден астам ұсыныс берілді, 521 сұрақ аясында азаматтық мәселелері шешілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүгедек балалар әлеуметтік тұрғыдан көмекке қол жеткізді.

ҚКК тәжірибе жүзінде қоғамдық бастамалардың ұйытқысы болып, азаматтық белсенділікті ынталандырып отыруы қажет. Облыстық ҚКК мүшелері қала, аудан, селолық округтер деңгейінде жұмыстарды жоспарлау мен орындалуын қадағалау жөніндегі комиссия құрамына енді; әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жергілікті бағдарламаларының іске асырылуы мен бюджеттің орындалуы бойынша жергілікті әкімдердің есептерін тыңдауға қатысады.

Қоғамдық келісім кеңестерінің маңызды бағыты Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған әлеуметтік маңызды жобалар мен бағдарламаларды қолдау болып табылады.

Ағымдағы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы Қоғамдық келісім кеңестеріне қатысты қағидаттарды атап өте отырып, жаңа ауқымды әлеуметтік жобалардың негізіне тоқталған болатын. Олар: аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануға тарту; кеңестер сондай-ақ агроөнеркәсіп секторында ақылды технологияларды ілгерілетуге көмектесуі тиіс; бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға үлес қосатын болады.

Кеңестерді аудандар мен аймақтарды тарту бойынша Жол картасының жобасына сәйкес жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ агроөнеркәсіптік секторда прогрессивті технологияларды ілгерілетуге жоспарлау: өңірлік әкімдіктер мен ҚХА Қоғамдық келісім Кеңесі арасындағы меморандумдар; ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің әдістемелік ұсыныстары; ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы, Аграрлық несие корпорациялары, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің және аудандар мен қалалар әкімдіктерінің қатысуымен агроөнеркәсіптік секторда прогрессивті технологияларды ілгерілету бойынша конференциялар; ҚХА Қоғамдық келісім Кеңесінің агроөнеркәсіптік кәсіпорындармен көшпелі кездесулері; агроөнеркәсіптік сектордағы озық технологияларды ілгерілету бойынша жобаларды дайындау; жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуде іске асырылатын жұмыстарды (мақалалар, айдарлар, стендтер, бейне сюжеттер, буклеттер және т.б.) дайындау және басып шығару, сондай-ақ агроөнеркәсіптік секторда озық технологияларды ілгерілету.

Жалпы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіне жаңа серпін Қоғамдық келісім мен Ассамблеяның қызметін нығайтуға, азаматтық бастаманы қолдауға және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға әкелетіндігіне сеніміміз мол.

Еліміздің дамуының стратегиялық қазықтарын белгілеуде Отанымыздың барлық жеңістері мен табыстарының негізі болып отырған ұлттық бірлігіміз әрқашанда алдыңғы орындарда болмақ. Бұл жөнінде Елбасының: «Тұрақтылық пен ынтымақ жылдан-жылға ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін күнделікті үлкен жұмыс. Ұлыс пен ұлтына қарамастан әр қазақстандық оны көздің қарашығындай сақтау керек. Біздің Отанымыздың, әр қазақстандықтың байқуаттылығы, болашағы осыған тікелей байланысты» деген ой-пікірін берік ұстанғанымыз абзал дпеген болатын.

Қорытындылай келе, еліміздің барлық этностар арасында шынайы келісім мен ынтымақтастықтың көрінісі – ел мүддесі мен тағдырына қатысты ұлтаралық келісім мен татулықтың өркен жаюына ықпал еткен бабаларымыздың талай ұрпақтары қалыптастырған игілік пен ізгілік дәстүрінің жемісі екендігінде дау жоқ.

Рауан Есқали

Кейін қарай