Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қазан, 2020

467

Таразда миллион теңгеге қайырымдылық жасалды

Тараз қаласында Жамбыл облыстық Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің этнос күні өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы күнде этнос өкілдері дәстүрге айналған «Біз Біргеміз» атты қайырылымдылық акциясын өткізіп, халықтың ықыласына бөленді.

Тараз қаласы 5 мөлтек ауданындағы №24-25 жатақхана тұрғындарына ұйғыр этносынан көрсетілген әлеуметтік көмектің жалпы құны 1 млн. теңгеден асады. Оның ішінде 1 тоннаға жуық азық-түлік осындағы 60 отбасыға үйлестірілді.


Іс-шараға ұйғыр этнос өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және БАҚ өкілдері қатысты. Қайырымдылық шараның басты мақсаты – көп балалы және әлеуеті төмен отбасыларға жақсылық жасау болып табылады.

- Қайырымдылық жасау біз үшін дәстүрге айналған. Қысылтаяң уақытта халық бір-бірін демеп жіберсе одан әрі нұрлана түсері анық. Жасаған әрбір жақсылығымыз елге аз да болса қуаныш сыйласа, мен үшін соны көру үлкен бақыт, - деді ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдыева.


Сондай-ақ, аталмыш бірлестіктің қайырымды жандары 600-ге жуық адамға киім-кешектер таратып берді. Әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға және мүгедек жандарға дәл қазіргі сәтте демеу болары сөзсіз. Айта кету керек, мұқтаж жандарды киім – кешекпен қамтамасыз еткен бұл акцияға «Жаңғыру жолы» жастары да атсалысты. Олар Тараз қаласындағы 5 мөлтек ауданында орналасқан №24-25 жатақхана тұрғындарына киім-кешектерден тұратын әлеуметтік дүкен ұйымдастырды. Қайырымдылық көмек жағдайы төмен 60 отбасыға үлестірілді.


Кейін қарай