Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Маусым, 2020

1749

Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген онлайн отырысы өтті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде 11 маусым күні онлайн форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» өкілдері қатысты. Отырыс барысында қатысушылар: «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі: Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Этносаралық саладағы мемлекеттік саясат модернизациясының басымдықтары аясындағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің міндеттері», «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының перспективті міндеттері» және тағы да басқа тақырыптарды талқыға салады.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің орынбасары Марат Алмасұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Юсуп Хасанович және Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісінің орынбасары Ербол Шауенов қатысты. Және де кеңейтілген отырыста Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы Айгүл Сәдуақасова, қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мен ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ал басқа аймақтардың қатысушылары ZOOM конференц-платформасы арқылы онлайн режимде кеңейтілген отырысқа қосылды.

Жиын барысында алғашқы кіріспе сөз Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа берілді.


– Құрметті Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері мен бүгінгі іс-шараның қадірлі қонақтары. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Ассамблея ширек ғасыр аясында ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институтына айналды. Мерейтойлық датаны атап өте отырып, біз Қазақстандық үлгінің жетістігінің негізгі факторы елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси көшбасшылығы мен ерік-жігеріне байланысты болғанынын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Елбасымыз Қазақстанның ұлттық саясатының басты ұстанымындағы принциптерін толық айқындаған болатын. Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ел басшылығында болған отыз жыл ішінде кез келген өзгерістерге, саяси жағдайларға қарамастан этносаралық мәселелер өз ұстанымдарынан айнымаған, саяси ерік-жігеріне зор құрмет көрсетуге тиіспіз. Бүгін шынында да ғылыми сараптамалық кеңестің мәжілісін жаңа бағытпен өткізіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі оқиғалардан кейін елбасы және ҚР Президенті Қ.Тоқаев этнос аралық мәселелерге көңіл бөліп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде арнайы комитет ашты. Сондай-ақ қолданбалы этно-саяси зерттеулер институты мен Қоғамдық келісім министріліктің құрамында жұмыс істеп келеді. Яғни іргетасы жағынан министрліктің бақылауында болады, – деді Жансейіт Түймебаев.

Кеңейтілген отырыс алдағы уақытта да жаңа бағыттарды ашуда жақсы мүмкіндіктер беріп отыр. Одан кейін онлайн форматта сөз алған ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко биылғы жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтетіндігіміз туралы айта кетіп, Ассамблея мен ғылыми кеңестің осы жылдар аралығындағы жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы айта кетті.


Одан кейін Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев кеңейтілген отырысқа қатысушыларға Ассамблеяның 25 жылдығымен құттықтап, жаңадан құрылған қолданбалы этносаяси институтының құрылуы мемлекеттегі, жалпы осы саладағы барлық жүріп жатқан жұмысарды біріктіруге арналған жаңа институт Қазақстан халқы Ассамблеясымен, этносаралық дамыту комитетімен, әкімшіліктермен бірігіп жұмыс жасайтындығын айтты. Және құрылған институттың құрамында төрт департамент кіретіндігін атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан Халқы Ассамблеясының кафедраларымен тығыз байланыста болып, жұмыс жүргізілетіндігі туралы да айта кетті.


Қазақстан халқы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы Айгүл Сәдуақасова ғылыми-сараптамалық кеңесінің алдында тұрған жоспарлар туралы айта кетті. Презентация көрсету барысында Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа өткен жылы жолдаған жолдауындағы Қоғамдық келісімді нығайту мен әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екендігін айта кетті. Жиын барысында саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керектігін, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау туралы айтты.


Сонымен бірге қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деген президент сөзін еске сала отырып, елімізде осы жылы аталып өтетін мерейтойлар мен елеулі оқиғалар, яғни әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өту жөнінде де сөз қозғады. Кеңейтілген отырыс соңы ғылыми-сараптамалық кеңестің өзге де маңызды мәселелерді талқылауымен жалғасын тапты.

Кейін қарай