Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Шілде, 2020

852

«Бастауыш сыныпта басымдық беруді құптаймын»

Мен – Светлана Крюгер, неміс ұлтының қызымын. Сыр елінің ыстық күнінің нұрына шомылып, майлы топырағын кешіп, қазақтың сары қызына айналдым

Қазақ тілін менің бойыма қазақтың ортасы сіңірді. Қазақ тілін білуді отбасымдағы атамның тәрбиесімен байланыстырамын. Менің атам «Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі» деп айтатын. Міне, мен сол тілді жаныммен де, жүрегіммен де қабылдадым.

Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұқбатына тіл мәселесі өте орынды айтылған. Әсіресе «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс» деген ойы мені ерекше қуантты. Себебі бастауыш сынып баланың болашақ өмірі үшін іргетас болып саналады. Іргетасы мықты қаланған құрылыстың керегесі мығым болары анық.

Кезінде орыс тілінің білгірі В.И.Даль «Егер тілге өзінің табиғи тамырынан, сөлінен өніп, ішкі қуатынан қайнап шығуға мүмкіндік бермесе, онда ол білім беру үдерісіне де, заманауи қажеттіліктерге де ілесе алмайтын күйде қалмақ» депті. Міне, біздің тілге де осындай табиғи еркіндік қажет. Сонда ғана тіл өзінің бай мүмкіндіктерін, дүниедегі құбылыстарды белгілеу, бейнелеу әлеуетін толық аша алады дер едім.

Светлана Крюгер,

Қызылорда облыстық неміс

этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі,

«Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы


Кейін қарай