Қазақстан халқы Ассамблеясы

3614

Мәулен Қожахметов: Балалар арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң шара қолдану – уақыт талабы

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында келешекте ел экономикасын дамыту үшін алда тұрған міндеттерді айқындап, үкіметке нақты тапсырмалар берді. Экономикалық өсім бес жылда 5%-ға өседі деген болжам қуантады.

Сонымен бірге қоғамның бірлігіне, ауылшаруашылығын дамытуға, әлеуметтік мұқтаж адамдарға көмек көрсету, медициналық қамтудың сапасын арттыруға, туризмді дамытуға баса назар аударылды.

Жұмысқа орналасуға кепілдігі жоқ жоғарғы оқу орындарының санын қысқартып, «дарынды балалардың қабілетін дамыту» жол картасын жасауды үкіметке тапсыруы тұрғындардың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Ел ішінде орта және шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерді 3 жылға салық төлеуден және тексеруден босату туралы мәлімдемені отандастар ризашылықпен қабылдап отыр, бұл экономиканы дамытуда іске үлкен мән берілгендік деп түсінемін.

«Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінетін қаржының 90 млрд-қа жетуі көңіл қуантады. Шындығында тұтас елді өркендету ауылдан басталуы керек. Сондай-ақ, жергілікті әкімдерде нәтижелі жұмыстың нақты тізімінің болуын тапсыруы, бұдан бөлек олардың жұмыстарын жергілікті халықтың бағалауы өте дұрыс бастама деп есептеймін.

Бірлік, этносаралық татулықты сақтау мәселелері қашанда өміршең, ол – біздің ұдайы ұстанатын бағытымыз. Менің ойымша, балалар арасындағы зорлық-зомбылық, педофилияға қарсы қылмыстық істерге қатаң шара алуды тапсыру – қазіргі кезде қолға алынатын басты мәселелердің бірі.

Мемлекет басшысы Жолдауында нақты мақсатқа жету үшін тиісті реформаны жүзеге асыру керектігін айтып, негізгі бағыттарды айқындап берді. Алдағы бес жылда мемлекеттік қызметшілер санының 25%-ға қысқаратыны, ұстаздар жалақысының 2020 жылдан 25%-ға өсетіні де дұрыс бастама деп есептеймін.

Жалпы жолдауда Қазақстанның озық елдердің қатарына қосылуы үшін жақсы реформаларды бастап, оны іске асыру жолдары айқындалған. 

Мәулен Қожахметов,

БҚО, Қаратөбе аудандық

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Кейін қарай