Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Қазан, 2021

293

Ө.Шөкеев: Түркістандық ЭМБ ішкі бірлігімізді нығайтуда бастамалар жаршысы қызметін атқарып келеді

Түркістан облысы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын татулық пен бірлік атмосферасында атап өтуде. Бұл өздігінен жүзеге аспайтыны түсінікті. Біздің аймақ еліміздің ең тығыз қоныстанған өңірлерінің бірі, онда 2 миллионнан астам адам тұрады. Қоғамның тұрақтылығы халықтың алуан түрлі мәселелерімен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында тұратын 50-ге тарта этностың 500 мыңға жуық өкілі (облыс халқының 25 пайызы) біртұтас халыққа бірігуіне қажетті жағдайлар мен тиісті инфрақұрылым жасалды. Облыста этностар өкілдері жинақы тұратын аудандарда «Қоғамдық келісім» мекемесінің 9 филиалы жұмыс істеуде. Облыс ассамблеясы 34 этномәдени бірлестікті біріктіреді, оларда этностар өкілдерінің дамуына жағдай жасалған. Облыс деңгейінде Түркістан облыстық ассамблеясының 5 қоғамдық құрылымы – Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, Ғылыми-сарапшылық топ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы жұмыс істейді. Барлық аудандар мен қалаларда Қоғамдық келісім, Аналар, Медиация кеңестері қызмет етеді.

Ассамблеяның барлық құрылымдары үш міндетті орындайды:

- татулық және келісім саясатын идеологиялық қамтамасыз ету бойынша облыстық Ассамблеяның ақпараттық-түсіндіру тетігі ретінде;

- облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне этностар өкілдерін тарту және біріктіру тетіктері ретінде;

- жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешудегі «кері байланыстың» тиімді тетіктері және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың тиімді алаңдары ретінде жұмыс істейді.

Тұрғындардың азаматтық бірлігінің нәтижесінде Арыс, Мақтаарал аудандарында орын алған төтенше жағдайлардың ауыртпалығын еңсердік. Ассамблеяның қайырымдылық бастамаларының негізінде жүздеген отбасының мәселесі шешілді. Жаңарған Түркістанды тұрғызуға сан ұлттың өкілдері күш біріктірді. Берекелі бірлігіміздің арқасында үш жылдың ішінде Түркістан тарихты, қазіргі заманды және келешекті байланыстыратын әсем қалаға айналды. Түркістандық этномәдени бірлестіктер ішкі бірлігімізді нығайтуда байыпты бастамалардың жаршысы қызметін атқарып келеді. Бірлестіктер жанындағы Ақсақалдар кеңесі халық ішіндегі келіспеушіліктерді реттеуге өз үлесін қосады. Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жастарды тәрбиелеу мәселелерімен айналысуда. Бірлестіктердің жастар қанаттары жастар орталықтарымен бірлесе түрлі бастамаларды іске асыруға белсене қатысуда. Жыл басынан бері олар 300-ге жуық іс-шара өткізді, бұл облыстағы жастардың қатысуымен өткен іс-шаралардың 15 пайызын құрайды. Этномәдени бірлестіктер қайырымдылық және волонтерлік бастамаларынан қалыс қалған емес. Биылдың өзінде ассамблея мүшелері 1310 отбасыға 70 милионнан аса қаржылай көмек көрсетті. Этностар кәсіпкерлері өңірімізге инвестиция тарту жұмыстарында белсенділік танытуда, соның ішінде әлеуметтік салаға да үлестерін қосуда. Мысалы, облысымыздағы ең ірі – өзбек этномәдени бірлестігі 25 отбасының баспаналы болуына себепші болды. Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 2019 жылғы сессиясында облыста этносаралық қатынастарды қалыптастырудың тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманы іске асыру барысында 2 мыңға жуық өзекті, тұрмыстық негізде туындаған мәселелерге нүкте қойылды. Қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ретінде дамыту міндеті аясында 10-нан астам жоба іске асырылды. Барлық қалалар мен аудандарда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, этностар өкілдері тарапынан қазақ халқының тілі мен мәдениетін үйренуге деген ұмтылыс жоғары. Облысымызда этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ мәдениетін білетіндігін толық сенімділікпен айтамыз. Қазіргі уақытта облыста жалпы саны 816 елдімекен болса, оның ішінде 56 елдімекенде этностар шоғырланған. Барлық осы қоныстар бойынша жеке әлеуметтік карталар қалыптастырылып, өңірдің өзекті мәселелері белгіленді, оларды шешу жолдары айқындалды. Қоғамның тұрақтылығына ықпал ететін факторлар белгіленді, «нысаналы» жұмыс жүргізудің басымдықтары анықталды. Сонымен қатар, Түркістан облысы шекаралық облыс болып табылады, сондықтан көші - қон процестеріне, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша мән беріледі. Ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде өткен жылдың қазан айынан бастап этностық топтардың өкілдері жинақы қоныстанған аумақтарда, халық шоғырланатын жерлерде «Қазақ», «Шалқар» радиолары дыбысты күшейтетін қондырғылар арқылы тікелей эфирге шығады. Әрине, Қарабұлақ, Шорнақ ауылдарында жанжалдан кейінгі жағдайды реттеуге көп көңіл бөлінеді. Халықты құқықтық тәрбиелеу мақсатында түрлі үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен 70-тен астам кездесу өткізілді.

Президент Әкімшілігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі біздің жұмысымызға үлкен әдістемелік, ұйымдастырушылық және талдамалық қолдау көрсетеді. Әдістемелік нұсқаулықтар, жол карталары, мониторингтік топтар мен олардың ұсынымдары этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат міндеттерін біртұтас түсінуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оны іске асырудың бүкіл ел бойынша бірыңғай алгоритмін алға қояды. Алдағы жұмысымызда мына басымдықтарды іске асыратын боламыз:

Бірінші. Қазақ халқының айналасында этностардың азаматтық бірлігі мен шоғырлануын нығайтудың маңызды элементі ретінде Түркістанның тарихи, мәдени және рухани әлеуетін іске асыру.

Екінші. Этностар тілдерінде оқытатын мектептерде көптілді оқытуды дамыту, этностар жинақы қоныстанған жерлерде жаңа интеграциялық және әлеуметтік лифтілерді қалыптастыру.

Үшінші. Біз азаматтарымыздың облыстың халық тығыз орналасқан өңірлерінен, оның ішінде этностардың жинақы тұратын жерлерінен еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуы үшін түсіндіру және ынталандыру шараларын іске асыратын боламыз.

Төртінші. Біз этностар жинақы қоныстанған өңірлерде ауылдық елді мекендерді дамыту арасында үйлеспеушіліктер туындамауы үшін дәйекті жұмыс жүргізетін боламыз. Бұл жұмыстар жанжал тудыратын жағдайлар мен әлеуметтік шиеленістің көптеген себептерін жояды.

Түркістан облысының әлеуеті Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін толыққанды табысты іске асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Өмірзақ Естайұлы Шөкеев,

Түркістан облысының әкімі,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы


Кейін қарай