Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Сәуір, 2020

1330

Ханануз Расулова: Қазақ тілін жетік меңгергеніңді бос сөзбен емес, нақты іспен дәлелдейтін уақыт жетті

Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Ханануз Расулова қазақ халқына шексіз алғысын білдіріп, мемлекеттік тілді жай өзбен ғана емес, еліміздің ардақты аналарының бірі Асылы Осман секілді жетік меңгеруге шақырады.

Өзге ұлттарды өгейсінбей, бауырына басқан қазақ халқына көрсетілетін құрмет оның тілін білу, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сыйлау деп білемін. Өз ортамда отырыста мен қазақ тілінде сөйлеймін және мұны мақтаныш үшін емес, күнделікті дағдыма айналдырғым келеді. Жиналыста ғана емес, күнделікті тұрмыста, қызмет бабында да қазақ тілінде сөйлесуге тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді.

Мен ана тілім - әзірбайжан тілін де жақсы көремін, қазақ тілінде сөйлеу - тұрып жатқан туған жеріме, достарыма, осы елге құрмет ретінде парызым санаймын. Әзірбайжан, орыс, ағылшын тілдерінде де ойымды еркін жеткізе аламын. Ендеше, қазақ тілін үйрен де үйрен дей бермей, өз ортамызда көбірек дәріптеп, басқаға үлгі көрсетсек, жақсы емес пе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналады деді. Ол үшін осы бағытта бірігіп жұмылуымыз керек. Менің жеке ойым - біздің елдегі әр азамат қай ортада, қандай қызметте жүрсін мейлі, сөзін, өз ойын қазақ тілінде бастауы керек. Осы орайда үлгі тұтар апайым Асылы Османның: «Қазақ халқына мәңгі қарыздармын. Барым да, базарым да қазақтың тілі» деген сөз ойыма оралады.

Рауан Есқали

Кейін қарай