Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Ақпан, 2024

78

Елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің Форумы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жауапкершілікті көтере алатын, стандартты емес және тиімді шешімдер қабылдай алатын түрлі саладағы менеджерлердің жаңа командасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ол осындай ұжымның еліміздің алға басуы мен дамуының басты факторына айналатынына сенім білдірді.

Осылайша, жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру мақсатында Мемлекет басшысының 2019 жылғы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия туралы Ереже» бекітілді. Резервті қалыптастырудың басты міндеті – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, еліміздің дамуына өзгерістер енгізуді қалайтын «жаңа формация көшбасшыларын» іріктеу.

2019 жылдан бері елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізілуде, ондаған мың үміткердің ішінен 35 жасқа дейінгі 400 қазақстандық өтті. 2021 жылғы Президенттік жастар кадр резерві мүшелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Сергеевна Масагутова.

Осы жылдың 20 ақпанында Президенттік орталықта барлық резерв мүшелерінің басын қосқан Президенттік жастар кадрлық резервінің форумы өтті. Форум барысында Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің жаңа мәдениеті мен құндылықтарын қалыптастыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның ойынша, барлық салада, әсіресе, мемлекеттік органдарда Заңдылық пен Тәртіптің үстемдігі қағидатын сақтау қажет.

Мемлекет басшысы айтқандай, білімді, сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті, нағыз ұлтжанды азаматтар мемлекетті басқаруға белсене атсалысуы керек.


Кейін қарай