Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Сәуір, 2023

632

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАРҒА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Қасиетті Рамазан айында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар қаласындағы орталық «Қызылжар» мешітінде Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы 500 жамағатқа арнап ауызашар берді.

Бұл дастарханға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өңірдегі өкілі, облыстың имамдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталық төрағалары, әкімдік өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлер, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, елдің дамуы үшін әр салада еңбек етіп жүрген тұлғалар қатысты.

Орталық төрағасы Акбаржан Исмаилов ауыз бекіткен жандарды қасиетті аймен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

- Адамды тазалыққа, бірлікке үндейтін асыл дінімізді ұстанған әрбір жан бір-біріне тек жақсылық ойлайды. Тыныштық пен береке-бірлік болса, ел болашағы баянды болмақ. Ислам күнтізбесінде, Рамазан айы – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын ай. Бұл айда исі мұсылман жамағат таңның атысынан күннің батысына дейін ауыз бекітіп, Жаратушыға жаппай құлшылық етеді. Сол себепті осы қасиетті айда ақ дастархан басында Қазақстандағы республикалық тәжіктердің этномәдени орталығы арнайы Сіздерге келіп, ораза ұстаушыларға ауызашар рәсімін ұйымдастырып отыр. Алла Тағала баршаңызға ынтымақ пен бейбіт өмір сыйласын. Қасиетті Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге береке жаудырғай! - деді орталық төрағасы Акбаржан Жақияқажыұлы.

Ауызашарда Солтүстік Қазақстан облысы, орталық «Қызылжар» мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы Әділбеков жиналған көпшілікті қасиеті Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдірді, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы айтып, арнайы халықтың басын қосып ауызашар беріп, дастарханнан дәм татқызған орталыққа ризашылығын білдірді.

Отыз күн ораза адамдарды жақсылыққа бастап, мейірімділікке баулитын тәрбие мектебі. Бір-біріне деген қамқорлығын арттырады. Соңғы жылдары күнделікті мешіттерде ауызашар беру дәстүрі қалыптасты. Қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып жатыр. Бұл ағайынның арасын жақындата түсетін, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрімізге сіңген асыл дінді кеңінен насихаттауда игі шараға айналды.

Шара соңында Акбаржан Исмаилов қазақтың салт-дәстүрін негізге ала отырып елге қызмет жасап жүрген Солтүстік Қазақстан облысы, орталық «Қызылжар» мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы мен облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы, Құранды толық жаттаған Қари Мухаммадсолих Мирзаевке және Түркия елінен келген мейманға арнайылап орталықтың атынан шапан кигізіп сый-құрмет көрсетті.

Кейін қарай