Ассамблея народа Казахстана

Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі

Этносаралық келісім үлгісінің V қағидаты

I. Этностық, конфессиялық, мәдени және тілдік саналуандық

II. Қазақстан этностарының мәдениеті мен тілін дамытуға барлық жағдайлар жасау

III. Толеранттылық пен жауапкершілік

IV. Қазақ халқының біріктіруші рөлі

V. Қазақстан халқының бірлігі

Бірінші. үлгі этностардың қоғамдық ұйымдары негізінде, эҚазақстандықтномәдени бірлестіктер атынан азаматтық қоғам мен мемлекет институттарының өзара ынтымақтастығы нәтижесінде «төменнен» қалыптасты.

Екінші. Барлық этностық топтар азаматтық-құқықтық және қоғамдық айрықша жоғары мәртебеге ие. Этнос өкілдері ұлттық азшылық өкілдері ретінде емес, Қазақстанның біртұтас халқының азаматтары ретінде құқықтардың бәріне толықтай ие бола алады.

Үшінші. Қазақстан этностарының өкілдігі және мүдделерінің саяси тұрғыда жүзеге асырылуы жоғары мемлекеттік деңгейде шешіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – ҚР Президенті – Конституция кепілі, бұл Ассамблея мәртебесінің жоғары деңгейін көрсетеді. Оның жоғарғы органы – жыл сайынғы сессияның шешімдері барлық мемлекеттік органдармен атқарылады.

Төртінші. Этностық топтардың мүдделері Ассамблеяның парламенттегі кепілді өкілдігі арқылы қамтамасыз етіледі. Соған сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің ҚХА сайлаған 9 депутаты елдің барлық этностары мүдделерінің жалпы кепілді өкілдігін қамтамасыз етеді.

Бесінші. Қазақстандық үлгі «Әралуандық арқылы - бірлікке» деген біріктіруші қағидатына негізделген. Мәдени әралуандықты сақтау мен дамытуға мемлекеттің этностық тілдер мен мәдениетті қолдау бойынша мақсатты саясаты арқау болады.

Алтыншы. Қазақстандағы этносаралық қатынастар саясаттан тыс өрбиді.

Этносаралық келісім үлгісінің қалыптасу және даму кезеңдері

I-кезең (1989-1995 жж.): Этномәдени бірлестіктер құрудан бастап, 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы нәтижесінде қазақстандық үлгінің заңнамалық және институционалдық тұрғыда ресімделуімен сипатталады.

II-кезең (1995-2002 жж.): Қазақстандық мемлекеттік бірегейліктің өлшемдері анықталды. ҚР мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасының негізінде Қазақстан қоғамын қазақ халқының айналасына біріктіру қамтамасыз етілді. Қоғам этностық және конфессиялық қатынастарды саясаттандырудан бас тарту қатынасындағы қағидалы консенсусқа жетті.

III-кезең (2002–2007 жж.): Этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыру саясатын қамтиды. Бағдарламалық құжаттардың бірқатары әзірленіп қабылданды: 2011 ж. дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының Стратегиясы, тілдердің дамуы мен қызмет етуінің мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамды идеялық тұрғыда ұйыстыру - Қазақстан дамуының басты шарты» тұжырымдамасы. 2006 - 2008 жылдар аралығында этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру бағдарламасы жүзеге асырылды.

IV-кезең (2007–2015 жж): Қазақстан қоғамының біртұтас халық болып бірігуі, мемлекеттік этносаясаттың Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін нығайту саясатына бағдарлануымен сипатталады.

V-кезең (2015 жылдан бері): Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат азаматтық қағидаттар мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарына негізделген қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту арқылы Болашағы Біртұтас Ұлт қалыптастыруға негізделеді.

Этносаралық қатынастар саласындағы стандарттар

ҚР Конституциясының 1-бабы, 1-тармағы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»

ҚР Конституциясының   1-бабы, 2-тармағы: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу»

ҚР Конституциясының 3-бабы, 3-тармағы: «Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды»

ҚР Конституциясының 5-бабы, 3-тармағы: «Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынады»

ҚР Конституциясының 14-бабы, 2-тармағы: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды

ҚР Конституциясының 39-бабы, 2-тармағы: «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес деп танылады»

Қазақстан Республикасы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеу саласында 180-нен астам халықаралық нормативтік құқықтық актілерді бекітті.