Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Қазан, 2020

1222

СҚО-да этнос өкілдері «Поле чудесті» қазақша ойнады

Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарға мемлекеттік тілді үйренту мақсатында «Поле чудес» ойынын өткізді.

Ойын «Qazaqtaný» жобасы «Qazaq time» бағыты аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл стандартты емес, интерактивті әдістерді қолдану арқылы қазақ тілін үйренуді білдіреді. Сол сияқты, қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін бірегей «Мәміле» жобасы бойынша автор Қанат Тасыбековтың ситуативті қазақ тілі әдістемесі бойынша сабақтар өткізіледі.

Ойынға қатысушылар қазақ тілімен қоса, қазақ халқының материалдық мәдениетін білудегі қабілеттерін таныта білді. Өйткені ойын тақырыбы қазақ ұлттық киімінің элементтері болды.

Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшелері қатысып, поляк, татар, орыс, белорус, армян, әзірбайжан этностарын таныстырды. Бір қызығы, ойынға қатысуға ниет білдіргендер өте көп болды. Ал қатысушылардың ең кішісі - 14 жаста.

- Мен «Поле чудес» ойынын ешқашан көрген емеспін, бірақ маған іс-шараның осындай форматы қызықты болып көрінді. Енді мен қазақтың ұлттық киіміне қатысты көптеген жаңа сөздерді білдім, - дейді «Кентрон» армян мәдениеті орталығының» белсендісі Элен Акобян.

Қатысушылар арасында өткен жылы ұйымдастырылған «Ғажайыптар алаңына» да қатысқандар бар екен. «Бұл ойын достық атмосфера мен өте қызықты да танымды сұрақтардың болғаны есімде қалды. Сондықтан мен қатысуға шешім қабылдадым», - деп, әзірбайжан мәдени орталығы жастар қанатының көшбасшысы Шахнияр Аллахярова өз ойымен бөлісті.

Ойын барысында төрт кезең бойы қатысушылар қазақтың ұлттық әйелдер және ерлер киімі элементтерінің, бас киімдердің, аяқ киімдердің және әшекейлердің атауларын тапты.

Ойын қорытындысы бойынша «Дуслык» Солтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт орталығы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Вадим Сарсенбаев жеңімпаз атанды.

Кейін қарай