Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Мамыр, 2020

1178

«Репрессия құрбандары - халық жадында»

Қаншама уақыт өтсе де, репрессия жылдарының қазақ халқына тигізген орасан зор зардабы, ауыр қайғысы ұрпақ жадынан өшпейді. Қолдан жасалынған бұл саяси ахуалдың азабынан 100 мыңнан аса қазақ жазықсыз жазаланып, 27 мыңнан астамы ату жазасына кесілгені мәлім.

ГУЛАГ-тың құрамына кірген – АЛЖИР, Карлаг, Степлаг лагерьлері сол уақытта қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығынан көрініс берді. Ол орындарда қазақтың маңдайына біткен зиялы азаматтар мен олардың жақын туыстары қамауда болды. Қаншама жанның көз-жасын, ауыр тағдырын көрген нысандар бүгінде тірі тарих орындарына айналып, сол ызғарлы күндерден естелік болып тұр. Тәуелсіз елде туған біз секілді жастар сол орындар арқылы тоталитаризмнің ащы көрінісіне куә болып, жазықсыз озбыр саясаттың тырнағына іліккен жандарға қандай жазалар қолданылғанын көріп, көңіліміз түседі. Қыршыннан қиылған талай қазақты бүгінгі ұрпақ ұмытпайтынына мен һақ сенімдімін.

Қуғын-сүргінге ұшыраған талай жазушыларымыз, ақындарымыз бен ғалымдарымыз, Алыш арыстары, ағартушыларымыз тірі болғанда бүгінгі қазақ халқының күйі өзгеше болар ма еді?! Олар аз ғана ғұмырында артына өшпейтін мұра тастап, елдің, қара халықтың көзін ашуға барынша тырысып бақты. Жарты ғасырды араға салған қазақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол репрессияда жанын берген арыстардың аманатын орындаған еді. Ендігі, егемен еліміздің аспанында қыраны қалықтап, көк туымыз биік желбіресін. Тәуелсіздік алу жолында жан берген ата-бабалаларымыздың ерлігін ұмытпаймыз.

Айгерім Серікқали,

Атырау облысы

ҚХА «Жаңғыру Жолы» жастар

қозғалысының мүшесі

Кейін қарай