Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Шілде, 2020

1062

Елбасының жаңа тарихымыздағы қолтаңбасы ерекше

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ғазиз Ештанаев Елбасының ерен ерліктері жөнінде сыр шертеді.

Уақыт, тарихи оқиғалар тоғысы, тығырықтан шығар жолды табу қажеттілігі сияқты аса күрделі мәселелер өмірге даңқты тұлғаларды әкеледі. Бұл - адамзат тарихынан белгілі жайт. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - өкпек желі өңменіңнен өтер өтпелі кезеңде қарақұрым елді күрделі кезеңнің иіріміне жұтқызып жібермей, аман-сау алып шыққан тұлға. Меніңше, мемлекеттік қайраткердің, ел басшысының еңбегі халық жүріп өткен жолдың аса күрделі, аса жауапты кезеңінде, «не өмір, не өлім» дейтіндей сын сағатта жасаған шешімді қималдарының контексінде бағалануы тиіс десек, тағдырың таразы тіліндей ойнақшып тұрған сәтте ұлан-байтақ жері, азын-аулақ елі бар, кеше ғана Кеңестің «ұзын арқан, кең тұсау» бұғауынан шыққан жұртты тығырықтан алып шығып, жаһандық дамудың жанкештілікті талап ететін жарысына салу – бұл Елбасының ерлігі.

Ерлік дегеннен шығады, Елбасы жайлы сөз бола қалса, көз алдыма қазір «Нұр-Сұлтан» атауына ие болып отырған Астана қаласы келеді. Баршаға белгілі, Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан) - тағдырлы қала.

Астана не әкелді?

Алдымен, біз ұлт ретінде өз таңдауымызбен астанамызды айқындап алдық. Екіншіден, елдің кіндік тұсына орналасқан жаңа тұрпатты қала ел саясаты мен экономикасының, руханиятының орталығына айналды; үшіншіден, замануи жаңа көрікті қала тұрғызылды; төртіншіден, бір кездері ұлттық сипатынан айырылып қалған өңір қазақиланды, Астана ұлттық рух ұясына айналды; бесіншіден, Астана ұлттық мүддені шешетін орталық қана емес, әлемдік мәселелерді үйлестірудің алаңына айналды. Міне, жаңа елорданың ұлтымызға берген сыйының бір парасы осындай.

Елбасының мемлекет басшысы, ұлт қайраткері ретінде атқарған тарихи істерін санамалап шығу шарт емес шығар, алайда өз басым Елбасы жайлы пікір түйіндей қалсам, алдымен алаштың астанасын тұрғызған тұлғаның қайраткерлік қимылы ойға оралады.

Нұр-Сұлтан қаласы - екі ғасырдың, екі мыңжылдықтың тоғысында дүниеге келіп, қиын-қыстауы жетерлік уақытта тұрғызылып, Қазақстанның қуатын, мүмкіндіктерін танытқан тарихи туынды.

Елбасының Жезқазған-Ұлытау өңіріне жасаған бірнеше жұмыс сапарларында қала жұртшылығымен болған кездесулеріне қатысқан жанның бірімін. Есте қалар жүздесуімнің бірі Қарағанды қаласында болды. Елбасы Қарағанды облысының дамуы мен өркендеуі жайлы үлкен кеңес өткізіп, сол кездесуде Ұлытау-Жезқазған өңірінің халқы атынан сөз сөйледім. Сөзімде кенді аймақтың келешегіне соны серпіліс әкелген «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы, «Сарыарқа» газ магистралі және Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылыған бірнеше жобаларды атап өткен болатынмын. Ұлытаудың сәлемін жеткіздім. Әрине, кездесуден алған әсерім мол болды.

Елбасының жаңа тарихымыздағы қолтаңбасы ерекше. Өз басым Астана (Нұр-Сұлтан) мен «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы – Нұрсұлтан Әбішұлының жойқын жобаларының жарқын үлгілері деп бағалаймын. Қазақстанның алдағы жылдарда іске асырар мегажобаларының хабаршысы.

Елбасымыз Қазақстанның ғажайып күндеріне куә бола берсін. Еліміз көркейе берсін!

Кейін қарай