Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қазан, 2020

726

«Қазақ тілін дамытуға мектеп директорлары көңіл бөлуге тиіс»

ҚХА ұйымдастыруымен Алматы қаласы Достық үйінде өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресінде Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Динара Нұралиева сөз алып, өз отбасында ұстанатын қазақтың дәстүрлерін атап өтті.

- Әуелі өзімді аз-кем таныстырып өтейін. Нағашыларым 1920 жылдары Қытай елінен, өз аталарым 1959 жылы Ташкент қаласынан Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылына көшіп келген. Анам – ұйғыр қызы, әкем – дүнген. Арғы тегімізден орыс, өзбек және басқа бірнеше ұлтты кездестіруге болады, сондықтан менің бойымда бүкіл Ассамблеяның қаны бар деп айтуға болады.

Мен мектепте, университетте орыс тілінде білім алдым. 2003 жылдың басында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы болды. Сол кезде Тұңғыш Президент – Елбасымыз «Біз үштілділікті дамыту қарқынын үдетіп отырмыз. Бұл ойдан шығарған дүние емес, қажеттілік» деді. Сол сәттен бастап үш тілді жетік меңгеруім керек деп шештім. «Орыс, ағылшын тілдерін жақсы білемін, бірақ мемлекеттік тілді білмеймін. Бір жыл ішінде қалайда қазақ тілінде сөйлеп, ойларымды еркін жеткізе алатын дәрежеге жетуім керек» деп алдыма жоспарлы мақсат қойдым. Кітаптар оқыдым, өлеңдер жаттадым. Негізінен тілді меңгеруіме 95 пайыз қазақ достарым көмектесті. Ешқандай курсқа барған жоқпын, қазақ достарыма қазақша сұрақ қойып, олар маған қазақша жауап беріп, бір жыл ішінде өз мақсатыма жеттім.

Біздің білім ошағымызда қалыптасқан жақсы дәстүр бар. 1 наурыздан бастап оқушы болсын, мұғалім болсын бір ай бойы қазақтың ұлттық киімдерін киеміз. Көкірекше, тақия киеді, оған қолы жетпегендер жүрек тұсына оюдан эмблема тағады. Наурыз мерекесінде спорт алаңына киіз тігіп, наурыз көже, палау пісіріп, ауыл-аумақты шақырып, дастархан жаямыз. Концерттік бағдарлама қоямыз.

Мектепте әр апта сайын оқушыларымызға үш тілде патриоттық әндер орындатамыз. Мысалы, бірінші аптада қазақ тілінде, екінші аптада орыс тілінде, үшінші аптада ағылшын тілінде. Мектепке оқитын байқауларда барлық сыныптар үшін қазақша ән айтып, өлең оқуы тиіс деген талап қоямыз. Абайдың өлеңдерін, нақыл сөздерін мектептің кіре беріс маңдайшасына сырттан келгенде көзге бірден түсетіндей етіп, іліп қоямыз. Ай сайын алмастырып отырамыз.

Өзім жұмыс барысында ұстаздарға өзге ұлт өкілдері болғанына қарамастан, түсінсе де, түсінбесе де тек қазақша сөйлей беремін. Әр мұғалім мемлекеттік тілдің маңыздылығын түсінеді. Сыныпқа кірген уақытта «Саламатсыңдар ма, балалар?» деп әуелі қазақша амандасады, орыс сыныбы болса да. Балаларымыз әрқшан Абай оқуларына, тілге қатысты байқауларға қатысып, міндетті түрде жеңімпаз болып шығады.

Менің ойымша, қазақ тілінің дамуына мектеп директорлары айрықша көңіл бөлуі қажет. Егер мектеп қабырғасында ұлтына, тіліне қарамай, қазақ тілін үйрету қолға алынса, қазір елімізде осындай мәселе болмас еді.

КСРО кезінде орыс тілін білмеген азаматтарды оқуға, жұмысқа қабылдамайтын. Сол кезде үлкен-кіші мәжбүрлі түрде орыс тілін жаппай үйренді, өйткені қажеттілік болды. Қазақ тілін дамытуға да қазір осындай талап болуы керек. Өйткені мемлекетті тілді білу – баршаға ортақ парыз. Бұл басқалай талқыға салынбауы керек деп ойлаймын.

Кейде автобуста келе жатқанда менен кей кісілер «қай рудың қызысың?» деп сұрайды. Сондай сәтте қазақша сөйлегеніме таң қалмасын деп, жай ғана «Орта жүз, бестерекпін» деймін. Бір кемшілігім, өз ана тілімді 20 пайыз ғана білемін. Отбасымызда тек қазақша сөйлейміз, екі балам қазақ сыныбына барады. Былтыр ұлымды сүндетке отырғызып, қазақтың салт-дәстүрімен сүндет той жасадық. 10 жыл бұрын қазақтың тойларын көріп жүріп, мен де ұлым болса, осындай той жасаймын деп армандайтынмын. Арманым орындалып, ұлымды атқа мінгіздім. Өйткені атқа мінгізу ер баланың бойына рух, батырлық, Отансүйгіштік сезім сыйлайды. Шашу шашып, тойбастар да бердім. Атама шапан кигізіп, апамның иығына орамал салдым. Қазақтың жолымен ет астық. Жалпы күн суыта бастағанда, соғым сойып, қазы айналдырамыз, қазақтың ұлттық тағамдарын үнемі пісіреміз.


Кейін қарай