Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Маусым, 2020

875

Қарағандыда онлайн-конференция өтті

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» – «Память во имя будущего» атты ҚХА жобасы аясында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар іс-шаралар өткізді. Онлайн форматта ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында талқыланған бұл шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Еліміздің астанасынан сұхбат алаңына белгілі ғалымдар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қосылды.

Әлеуметтік желілерде «Алаш» арыстары» интерактивті байқауы ұйымдастырылды. Осы кезең ішінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Facebook-де және ank_karaganda инстаграмдарына 3 сұрақтан жарияланған болатын. Аталған байқауға Приозерск, Жаңаарқа, Нұрсұлтан және Қарағанды қалаларынан қатысқандар жеңімпаз атанды. Олардың барлығы Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы, тарих негізінде жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мақсатында облыстық мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Алғысым саған, Қазақстан» тақырыбында шығарма жазу, сурет байқауы, мәнерлеп оқу байқауы жарияланды.


Өлеңдерді мәнерлеп оқу конкурсы бойынша қатысушы әлеуметтік желілерде #ALGYSYMSAGANQAZAQSTAN хэштегімен өзінің бейнематериалын жариялап, @ank_karaganda инстаграммдағы парағына жазылуға тиіс болатын.

Байқау қорытындысын арнайы құрылған комиссияның мүшелері шығарды. Конкурстарға қатысуға ниет білдірген оқушылардың саны көп болды. Аталған шараға қатысуда Қарағанды, Теміртау қалаларының және Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары мектептерінің оқушылары белсенділік танытты. Комиссия мүшелері конкурстық жұмыстардың жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті. Барлық еңбектерде тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген ұрпақтардың өмірі мен еркіндік тақырыбына ерекше мән берілген.

Қарағанды қалалық №63 ЖББОМ оқушысы Алдияр Нөгербеков шығармалар байқауының жеңімпазы атанды, ол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған өзінің бабасы Сәлкен Балаубаевтың қилы тағдыры туралы қалам тербепті. С.Балаубаевтың есімі 1934 жылы «Қазақстан ақындары» энциклопедиясы енгізілген. Ол Қазақстандағы психология ілімінің негізін қалаушы болып саналады.

Ал Қарағанды қаласының №85 ЖББОМ оқушысы Владимир Винокуров 30-шы жылдары Қазақстанға күштеп қоныс аударылған ата-әжесінің естеліктерін шығармасына арқау етіпті: «Менің атам мен әжем жергілікті тұрғындардың мүлдем бөтен адамдарға, «жау» атанған жандарға қолдарынан келгенше көмектерін көрсеткенін көздеріне жас ала отырып айтушы еді. Олардың қолдауынсыз біздер тірі қалмас едік! Орыстар, қазақтар, татарлар, украиндар - барлығы шын мәнінде бірге туғандай, бір отбасы».

Шығармалар конкурсының қорытындысы келесідей болды: 1 орын – Қарағанды қаласы №63 ЖББОМ оқушысы Алдияр Нөгербеков, 2 орын – Қарағанды қаласы №85 ЖББОМ оқушысы Владимир Винокуров және Қарағанды қаласы №82 ЖББОМ оқушысы Зейнеп Әбілқасқызы, 3 орын – Қарағанды қаласы №82 ЖББОМ оқушысы Полина Курган, Қарағанды қаласы №62 ЖББОМ оқушысы Томирис Бажакова және Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенті Әділет Ауғанов.


Ынталандыру сыйлықтарына Қарағанды қаласының «Дарын» мектебінің оқушысы Камила Құлжамбекова және Теміртау қаласының №27 ЖББОМ оқушысы Диана Ершова ие болды. «Алғысым саған, Қазақстан!» жобасының үздік шығармалары әлеуметтік желілерде жарияланды.

Мәнерлеп оқу сайысында жүлделі орындарға ие болғандар: 1 орын – Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Томирис Мейрманова, 2 орын – Малика Құлынжан және Иман-Мұса Медет – Бұқар жырау ауданы Ақжар орта мектебінің оқушылары, 3 орын – Боран Нурия және Даяна Хасенова – Токарев орта мектебінің оқушылары, сонымен қатар Қарқаралы ауданы Жарлы кентінің №9 орта мектебінің оқушысы Аруана Жантемір. Бір айта кетерлігі, Токарев орта мектебінің оқушылары өлеңдер жазылған бірнеше бейнебаян жіберсе, ал Бұқар жырау ауданы Ақжар орта мектебінің оқушылары Құлынжан Малика мен Иман-Мұса Медет өздері сөйлеген сөздерін көрнекті бейнежазбалармен көмкеріпті. Байқау комиссиясының мүшелері Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Томирис Мейрманованың жұмысын жоғары бағалап, «Қапастың тар жолы бойымен» өлеңін нақышына келтіре орындап қана қоймай, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайындағы суретті бейнебаянмен толықтырғанына ереше назар аударды.

Суреттер байқауына жіберілген жұмыстар жас авторлардың қайталанбас таным-түсінігі мен сезім-күйлерін жан-жақты таныта білген. Байқау комиссиясының мүшелері бірауыздан 1 орынды Қарағанды қаласының №62 ЖББОМ оқушысы Полин Павлючукке беруді жөн деп шешті, ол өз суретінде лагерь өмірінен көріністерді көрсетіп, қуғын-сүргін азабына түскен адамдардың дәрменсіздігін, ату жазасына кесілгендер көрінісінің драмалық бейнесін айшықты бейнелей білген. Теміртау қаласының № 19 ЖББОМ оқушысы Хохлова Алена өз жұмысында қаңырап қалған үйді бейнелепті, алдыңғы қатарда тікенекті сым ұстап тұрған алақандар көрсетілген. Аталған шараға қатысқан ең жас қылқалам шебері №44 негізгі орта мектебінің 2 сынып оқушысы Прудникова Оксана байқауға «Жер бетіндегі бейбіт өмір» тақырыбында өз жұмысын ұсынып, соғыс пен қуғын-сүргінсіз өмірдің қандай болу керектігін жылы және жарқын көріністе бейнелепті. Өз жұмысы үшін ол ынталандыру сыйлығына ие болды. Сонымен, суреттер конкурсының қорытындысы бойынша орындар келесідей бөлінді:

1 орынға - Павлючук Полина – Қарағанды қаласы №62 ЖББОМ оқушысының еңбегі лайық деп танылса, 2 орынды Қарағанды қаласы №19 ЖББОМ оқушысы Хохлова Алена және Теміртау қаласы Smart technologies ШИК оқушысы Азамат Искаков иеленді. 3 орынды Теміртау қаласының Ғ. Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Алеушинова Камила, Теміртау қаласының №1 гимназияның оқушысы Сейфуллин Ясмин, Қарағанды қаласының №62 ЖББОМ оқушысы Герасимчук Ставр өзара бөлісті.

1 орын алған жеңімпаздар дипломдармен және 15 мың теңге ақшалай сыйақымен, 2 орын алған жүлдегерлер дипломдармен және 10 мың теңге ақшалай сомамен, 3 орын алған қатысушылар дипломдармен және 5 мың теңге ақшалай сомамен марапатталады, 3 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарымен және дипломдарымен жүлделі орындарды иеленуге сәл ғана ұпай саны жетпей қалған қатысушылар марапатталады. Аталған шарада бақтарын сынағандар байқауға қатысқандары үшін алғыс хаттарға ие болады, ал оларды конкурсқа дайындалуға көмектесіп, атсалысқандар да назардан тыс қалмай, конкурсты ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарына ие болды.

Жалпы, жоба аясында XX ғасырдың 30-шы жылдарында орын алған қанды қырғын оқиғалары туралы БАҚ-та фильмдер мен буктрейлерлер көрсетілді. Достық үйінің мұражайы бойынша экскурсиялар және онлайн-сабақтар өткізілді. Ғалымдар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары БАҚ пен әлеуметтік желілерде 40-тан астам мақала жариялады. Сарапшылар Карлагтың тарихын оларды әлеуметтік желілерде жариялап, суреттер мен фотосуреттерде көрсетуге белсене атсалысты. Жоба аясында өткізілген іс-шаралар жас ұрпақ үшін саяси қуғын-сүргін тақырыбы қаншалықты маңызды екенін көрсетті, өйткені өткенсіз бүгініміз бұлдыр, бүгінсіз ертеңімізді болжай алмасымыз анық. Байқауға қатысу арқылы еліміздің болашағы жастар көптеген тарихи фактілерге жаңаша көзқараспен елеп-екшеу арқылы, тиісті ой қорытындысын жасауға негіз қалады деп айтуға болады.

Саяси қуғын-сүргін күні - ел тарихында орын алған қайғылы беттерді еске салып, мыңдаған адамдар негізсіз қуғын-сүргінге ұшырап, қылмыс жасады деп айыпталып, еңбекпен түзеу лагерлеріне айдалып, күштеп қоныс аударуға әкелгендігін, тіпті ату жазасына кесілгендігін тағы бір мәрте біздің есімізге алуға негіз қалайтыны айқын. Мұндай алапат, зұлмат кезеңді ешкім де, ешқашан да ұмыт қалдыруға болмайды!


Кейін қарай