Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Маусым, 2020

876

Қарағанды: Көп балалы жеті отбасына пәтер кілттері табысталды

Қарағанды қаласының Достық үйінде «Талбесік» көпбалалы аналар ұйымының мұрыныдық болуымен Балаларды қорғау күніне орай көпбалалы жеті отбасына пәтер кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді.

Игілікті шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкен арнайы келіп қатысты. Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде сөз алған Абзал Нүкенұлы: «Азаматтарға, оның ішінде тұрмыстық жағынан аз қорғалған жандарға, көпбалалы отбасыларына, басқа да топтар санатына енетін тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, ортақ істің оңтайлы шешілуіне жаны жомарт, қолы ашық іскер азаматтар да өз үлестерін қосып, белсенділік танытуда. Бүгінгі атқарылып отырған игілігі мол шара соның бір айғағындай. Қазақ халқының қанына біткен ерекше қасиеттерінің бірі - қайырымдылық таныта білу, оның ішінде алтын құрсақты аналарды құрметтеу, тағдырдың жазуымен қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созуға даяр тұратын азаматтардың санының көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Әйел-Ана - адамзаттың киелі ұғымы. Ол ұрпағымен мың жасайды. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер», - деген халқымыздың даналық сөзі бекерге айтылмаса керек. Балалар күні мерекесі күнгі қуаныш, пәтер кілтіне ие болған отбасылардың ғана емес, сол баспанада тәрбиеленетін сәбилердің де үлкен сыйлыққа кенелгені деп білемін», - деп атап өтті.

Естеріңізге салайық, Қарағанды өңірінде құрылған «Талбесік» ұйымының төрайымы - журналист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Ләззат Қожахмет.

Бір жарым жыл ішінде ұйым көпбалалы аналарға үй кезегіне тұру, жалдамалы баспана, адрестік әдеуметтік көмек алу, мектепте тегін тамақ пен формаға құжат рәсімдеу, кредит кешіру, жәрдемақы алу, «Бақытты отбасыға» құжат жинау, тағы басқа мәселелерді шешуге қатысты кеңестер берді.

Қандай мемлекеттік органдарға жүгініп, өз құқығын қалай қорғау керектігін түсіндірді. Сондай ақ, көпбалалы аналар көтерген мәселелерге талдаулар жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалардың кемшін тұстарын көрсетіп, ұсыныстар әзірледі. Карантин кезінде қозғалыс демеушілердің қолдауымен Қарағанды қаласындағы 600-ге жуық тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түрінде көмек жеткізді.

Есімін жұртшылыққа жар салып жариялағысы келмеген, жомарттық танытып отырған демеуші қарағандылық көп балалы жеті отбасының пәтер алуына қаржылай көмек берген. Арасында мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасы да бар. Бүгінде соның бесеуі пәтер құжаттарын рәсімдеп, кілтін қолдарына алса, екеуі құжаттарды рәсімдеу үстінде екен. Осындай жаны жомарт азаматтың арқасында баспаналы болу бақытына ие болған жандардың қатарында төрт бала тәрбиелеп отырған, жалғызбасты ана Назым Дүйсенбаева, алты баланың анасы, мүгедек баласы бар Мәрзия Құрбанова, алты баланы жалғыз өзі асырап келе жатқан Гүлзат Сүлешова, бес баланың анасы Алтынай Кенжебаева, төрт баласы бар, бір мүгедек бала тәрбиелеп отырған Жұмагүл Ниязбекова бар.

Игі шара аясында «Тұрғын үй жинақ банкі» және «Көктем» ЖШС атынан көпбалалы отбасындағы балаларға тәтті сыйлықтар да үлестіріліді. Сондай ақ, Қоғамдық келісім басшысы Бахтиар Бекмұрзаев облыстық Ассамблея атынан 500 балаға Киокушинкай-каратэ спорт секциясына тегін купондар үлестірді.

Кейін қарай