Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Мамыр, 2020

4288

Алматы: Өзге ұлттың студенттері қазақ тілі мен Абай шығармашылығынан сайысқа түсті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын арттыруға арналған республикалық білім сайысы мәреге жетті.

«Менің Отанымның мемлекеттік тілі» тақырыбында өткен олимпиадаға еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алатын өзге ұлт өкілдері қатысып, бақтары мен баптарын сынасты.


Биылғы сайыс ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қарастырылған басым бағыттарды нақты іске асыру тұрғысында қолға алынған байқау Zoom платформасында өтті.

«Олимпиаданың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлы Абай ұлағатын жас ұрпаққа дәріптеу және жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру», – деді осы жоғарғы оқу орнының Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекова.

Төрт кезең бойынша өткен сайыс барысында жиырмадан астам студент өзара мықтыны анықтады.

Жоғары білім ордаларының студенттері «Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы айналымда өздерін таныстырса, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты екінші кезеңде хәкім шығармаларын мәнерлеп жатқа оқып жарысты. Ал үшінші турда әлеуметтік желідегі өз парақшаларында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында жазба жариялады. Соңғы кезеңде адамзаттың ақылманына айналған Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша құрастырылған тест тапсырмаларын орындады.


Қазылар қатысушыларды бағалауда қазақша сауатты сөйлеуін, ойын жүйелі жеткізе білуін және Абай өмірі мен шығармашылығы бойынша білім деңгейін басты назарға алды.

«Үш сағатқа созылған олимпиада барысында қазақша еркін сөйлейтін, қазақ тілі мен әдебиетін, Абай шығармаларын жан-тәнімен сүйсіне оқитын өзге ұлт өкілдерінің ынта-жігеріне, көрсеткен өнерлеріне риза болдық», – деп атап өтті қазылар алқасының мүшелері.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Д. Юсупова лайық деп танылды. Бірінші орынды М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті В. Сучкова иеленсе, екінші орын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті В. Артамонова мен Абай атындағы ҚазҰПУ студенті А. Боловневаға бұйырды. Ал Қыздар университетінің студенті Р. Турдиматова, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттері З. Касимова мен М. Колмагарова үшінші орынды өзара бөлісті.


Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл насихатшысы», «Абайтану білгірі», «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік пост», «Көркем сөз шебері», «Шынайы ойдың шынары», «Тіл байлығы», «Қазақ тіліне құрмет», «Сөйлеу шебері» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға сертификаттар табысталды.

Кейін қарай