Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Қазан, 2020

1425

Абай құндылығы дәріптелген кеш

Қызылорда облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Достық үйінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған әдеби кеш болып өтті.

Шара басталмас бұрын қатысушылар фойеде қалалық кітапханалардың қатысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған кітап көрмесін тамашалады, қолөнер бұйымдарын көрді. Сондай-ақ, ұлы ақынның өнегелі өмірімен танысып, оның даналығы, рухани асыл мұралары насихатталды.


Шараның шымылдығы «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің белсенді жасы Константин Луцаның орындауындағы «Айттым сәлем қаламқас» әнімен өрілді.

Әдеби кештің алғы сөзін «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Асылбек Жұмабаев бастады және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауға елеулі үлес қосқан бірлестіктің белсенді мүшелері Татьяна Данилина, Юрий Тырышкин, Галина Финансоваға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.


- Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ел мұрасын жалғастырушы азамат болуды еліміздің жас буын санасына енгізу. Абай шығармаларын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту. Не бір асыл өлеңдер мен әндер тудырған, өміршең рух бере отырып, бүкіл әлемге өзі ғана танымал болмай қазақ халқын да танытқан дара тұлғаның өнегесін бойға сіңіру, - деді «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова.

Заманынан озық туған Абай қазақ жазба мәдениеті мен музыка өнерін биік сатыға көтерді. Абай құндылығы дәріптелген кеште оның өмірі туралы деректер беріліп, өлеңдері оқылды, аударма ертегілерінен үзінділер көрсетілді. Бірнеше әндері шырқалып, қара сөздері тыңдалды.

Кейін қарай