Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Тамыз, 2020

856

5 тамыз – Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі

Медиацияның мақсаты – этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлік саласында татулық пен келісімді сақтау. Медиаторлардың міндеті – халықтар арасындағы қандай да бір тұрмыстық жанжалдар мен дау-дамайлардың алдын алу. Қазақстандықтардың санасында бірлік, тұрақтылық, толеранттылық, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыру.

ҚХА жанында 317 сұхбат алаңдары, «Қоғамдық келісім» КММ және Достық үйінде 17 медиация кабинеттері ашылған. 1411 медиатор ақысыз негізде жұмыс істейді.

Азаматтар медиациялық келісім жасауға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. ҚХА медиаторларының дер кезінде және жоғары біліктілікпен көрсеткен кәсіби көмегі көптеген дау-жанжалдарды өршітпеуге, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға жол ашты.

ҚХА медиация орталықтарына 2016 жылдан бастап 105 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде 64 426-сы (61%) медиативтік келісім жасасу арқылы, 41 362-сі (39%) кеңес беру сатысында шешілді. Істің сотқа жеткізілмей жабылуы өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік баж, мүлікті бағалау және бөлу, анықтамалар, сенімхаттар және т.б. құжаттарға төлеуі тиіс 315 млн. теңгеден астам қаражатын үнемдеуіне мүмкіндік жасады. Сондықтан, қазіргі кезде арызданушылар медиациялық келісімнің артықшылығына көз жеткізді деп айтуға толық негіз бар.

Жыл сайын 5 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бірыңғай республикалық медиация күні» республикалық акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Барлық медиаторларды кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, мол табыс, отбасыларына амандық тілеймін.

Ортақ Отанымыз – Қазақстанда әрдайым татулық пен береке-бірлік нығая берсін!

Жансейіт Түймебаев,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары


Кейін қарай