Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қызылорда алыстан келген корейлердің екінші Отанына айналды

Аш отыруға тура келген кездері әжесі суды қайнатып, жылылай ішкізетін. Корейлердің қазақ жеріне коныс аударғандарына - 83 жыл. Қызылорда алыстан келген корейлердің екінші Отанына айналды.

Кеңес өкіметінің күштеп қоныс аудару саясатының зардабын тартқан корейлердің арасында сол зұлматты көзбен көргендер сиреп қалды. Валентина Ли Қиыр Шығысты мекендеген мыңдаған қандастарымен бірге Қызылорда облысына келгенде небәрі 5 жаста болатын. Кей суреттер әлі күнге дейін көз алдында.


Әкесі Ли Чан Нен бастауыш сыныптың мұғалімі, шыншыл, адал адам болатын. Әсіресе, балалар қасынан үйіріліп шықпайтын. Күштеп көшірген кезде отбасында 9 адам болды. Ата-анасы, әжесі және 6 баланы жүк көлігімен Уссурийск вокзалына әкелді. Тауар таситын вагондарға бірнеше отбасын орналастырды. Пойыз қозғалып, корейлерді туып-өскен жер­ден аулаққа қарай ала қашты. Болашақта не болатыны беймәлім, қайда бара жатқандары туралы ештеңе білмейді.

Зерттеулерге қарағанда, Қиыр Шығыс корейлерін депортациялау «өлкеге жапон тыңшыларын өткізбеу мақсатында» жүргізіл­ген. Қиыр Шығыста тұратын корейлер түр-түсі мен келбеті жағынан ұқсастығына байланысты «жапон тыңшылары» деген желеумен жер аударылып, сенімсіз халық деп танылды.

Содан 1937 жылғы қыркүйектің алғашқы күндерінде корейлерді Қазақстанға шұғыл көшіру ісі басталып кетті. Жоспар бойынша шамамен 15 мыңдай корей шаруашылығы көшіп келеді деп күтілді. Бірақ бұл жоспар артығымен орындалып, айналасы бір жарым жылдай уақытта 100 мыңға жуық адам жер аударылды.

Бір айдан соң Ли Чан Неннің отбасы мінген пойыз Қазақстанға, Қазалы станциясына келіп тоқтады. Бұл 1937 жылдың күзі еді. Күн суық, азынаған жел. Үлкендер жағы судың болғанына, егін-теріммен айналысуға мүмкіндік барына шүкір етіп жатты.

– Ата-анам Қызылордаға жұмыс пен үй іздеп кетті. Ленин атындағы тұйық көшеде орналасқан үш бөлмелі үйді көріпті. Қасында мектеп, базар бар екен. Вокзал да қашық емес. Кейін үйді жөндеуден өткізіп, жылы еден төседік. Жыңғыл жағып жылытушы едік, – дейді В. Ли.

Көп ұзамай НКВД-ның адамдары әкесін тұтқындап әкетті. Бес күн өткенде отбасындағылар оны «халық жауы» деп ату жазасына кескенін білді. Осылайша қуғын-сүргін өз ісін ғана білетін, адал еңбегімен айналасына сыйлы болған адамды ізінен қуып жетті. Қайғыдан қан жұтқан анасы, ұлардай шулаған бала-шағасы қалды. Кейін әкесінің ақталғаны туралы құжатты қолына алды.

Анасы қолынан іс келетін тігінші кісі еді. Балаларын жеткізу үшін артельге жұмысқа тұрды. Мереке күндері тапсырыс көп болатын. Үлгермеген жұмыстарын үйге әкеліп істейді. Соғыс басталған кезде анасы апталап үй көрмейтін болды. Аш отыруға тура келген кездері әжесі суды қайнатып, жылылай ішкізетін.

Валентина Ли болмаған балалық шағын, азапты күндерді еске алғысы келмейді. Бірақ, көрші тұрған қазақтардың мейірімі мен қонақжайлығын ұмытпақ емес. Жанынан шуақ шашып тұратын Бибісара апаның мереке сайын тарататын бауырсағы мен тәтті нанының дәмі бөлек еді. Бала кезінде таңдайына татқан дәмді әлі күнге дейін айтып жүреді. Мейірімді, адамның бәрін бауырына тартатын осындай кісілер болмағанда, атамекенінен еріксіз ауған корейлердің тағдыры бұдан да қиынырақ өрілер ме еді?

Тағы бір көршілері – Журбалар отбасының шағын шаруашылығы бар-тұғын. Сиыр ұстайтын, жеміс-жидек егетін. Олар да қолдағы барын балалардан аямайтын. Осындай адамдардың арқасында Қызылорда алыстан келген корейлердің екінші Отанына айналды.

Корейлердің қазақ жеріне коныс аударғандарына 83 жыл толады. Бұл уақытта корейлерден бірнеше ұрпақ тарады. Олардың әрқайсысы туған жердің түлеуі жолында еңбек етіп келеді. Сол кезді көзбен көргендер ыстық ықылас пен аса мейірбандық танытқан қазақ жұртының жақсылығын балалары мен немерелеріне айтып кетті. Ал бүгінгі корейлер қазақтармен құдандалы, туысқан болып кеткен. Ата-бабасы аманат етіп тапсырған құндылықтарды сақтап отыр.

Возврат к списку